426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қ.Тоқаев: Қазақ радиосының жылнамасы – халқымыздың жүз жылда жүріп өткен жолының айнасы

  • 180
  • UPD: 14:26, 01.10.2021
Қ.Тоқаев: Қазақ радиосының жылнамасы – халқымыздың жүз жылда жүріп өткен жолының айнасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев радио қызметкерлерін Қазақ радиосының ғасырлық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды Хабар 24.

Мемлекет басшысының құттықтауын салтанатты жиында вице-премьер Ералы Тоғжанов жеткізді. Бұл туралы «Қазақ радиосының» баспасөз қызметінде жарияланды.

«Баршаңызды Қазақ радиосының ғасырлық мерейтойымен құттықтаймын! Бұл – бүкіл елімізге ортақ қуаныш. Қазақ радиосының жылнамасы – халқымыздың жүз жылда жүріп өткен жолының айнасы. Радио алғаш құрылған күннен бастап ел мүддесіне қызмет етіп келеді. Қазір де тәуелсіздіктің қадір-қасиеті мен ұлттық құндылықтарды жастардың санасына сіңіруге сүбелі үлес қосуда. Бірнеше буын ұрпақ үшін радио ақпараттың ғана емес, руханияттың да қайнар көзі болды. Халқымыздың біртуар перзенттерінің дауысы мен ән-күйлері қара шаңырақтың қазыналы қорында сақтаулы тұр. Бұл – біздің баға жетпес асыл мұрамыз. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына тұспа-тұс келген бүгінгі мерейтойдың орны бөлек. Биылдан бастап 1 қазан «Радио күні» болып бекітілді. Мұның өзі бұл саланың ақпарат айдынындағы рөлі ерекше екенін аңғартады. Қазақ радиосы келешекте де мағыналы әрі мазмұнды хабарларымен ұлттың жадын жаңғыртып, мемлекеттігімізді нығайтуға атсалыса береді деп сенемін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, шығармашылық шабыт тілеймін!» – делінген құттықтауда.

Хабар 24 телеарнасы