426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қ.Тоқаев: Біздің міндетіміз – 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге арттыру

  • 186
  • UPD: 22:44, 01.10.2021

Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай кен байыту кешеніне барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл кеніш мыс өндіру жөнінен әлемде көшбасшы орынға шығады. Президент кешенді аралау барысында «KAZ Minerals Aktogay» компаниясы жұмысының негізгі көрсеткіштерімен танысып, өндіріс процесін көрді.

Содан кейін жаңа сульфид фабрикасының жұмысын бастауға ресми түрде рұқсат берді. Жоба ұлттық индустрияны дамытуға тың серпін береді. Әрі стратегиялық маңызы арта түседі.

Ұзындығы 13, ені 8, ал биіктігі 6 метр. Ақтоғай кенішіндегі қазба байлығы осындай алып көліктермен тасымалданады. Техника 240 тоннаға дейін жүк көтереді. Осы күні кәсіпорын базасында жаңа кен байыту фабрикасы ашылды. Президент жұмысты ресми түрде бастауға арнайы барды. Жалпы Ақтоғай 2 – Шығыс Қазақстан облысының кен өндірісінде стратегиялық маңызды нысан. Облыста Индустрияландыру картасы аясында қолға алынған 14 жобаның бірі.

Жаңа кен байыту фабрикасының құрылысына 1,2 млрд доллар инвестиция құйылды. Вахталық тұрғынжай салынып, жұмысшыларға жайлы жағдай жасалды. 1200 орындық асхана пайдалануға берілді. Аумақ толықтай интернетпен қамтылған. Кәсіпорын ел экономикасын дамытуға зор үлес қосады. Себебі, өндіріс әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тиімді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Баршаңызды кен байыту фабрикасының ашылуымен құттықтаймын. Шын мәнінде біз бүгін қатты әсер қалдыратын стратегиялық ірі жобаны көріп шықтық. Бұл үлкен жетістік. Бұл ұлттық индустрияны дамытуға тың серпін беретін стратегиялық жоба. Соңғы 10 жылда елімізде 1500-ден астам кәсіпорын ашылды.

Елімізде өңделген өнімнің экспорты артады. 700 жаңа жұмыс орны ашылып, салықтан бюджетке қосымша 80 миллион доллар кіріс кіреді. Комбинат Шығыс Қазақстан облысындағы жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысына, білім беру және емдеу мекемелерінің жабдықталуын жақсартуға белсенді атсалысады. Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің лайықты үлгісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың күш-жігерінің арқасында елімізде индустрия саласында осындай ірі нысандар бой көтеруде. Мұндай нысандар өнеркәсіптің мәнін түсінетін әлемдік және индустриялық қоғамдастықтардың жіті назарында. Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілікті сезінуінің айқын дәлелі. Комбинат басшылығына әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерге баса мән бергені үшін алғыс білдіреміз.

Енді комбинат кен өндіру көлемін жылына 50 миллион тоннаға дейін жеткізе алады. Бұған дейін соның жартысы ғана орындалып келді. Өндірісті іске қосу рәсімінде «KAZ Minerals» директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук пен кәсіпорынның жас мамандары сөз сөйледі. Президентке жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Гүлнұр Әубәкірова, жүк көлігінің жүргізушісі:

- Қазақстан бойынша осы кәсіпорын әлем бойынша да үздік кәсіпорын. Мұндағы техника мен технологиялар әлемдік деңгейде. Сондықтан біз осы саланы өмірлік кәсібіміз деп таңдап отырмыз. Соңғы жылдары пандемия сынақ болғаны рас. Дегенмен, басшыларға алғыс айтқым келеді. Мемлекет тарапынан да көмек болды. Кәсіпорынның тоқтауына жол бермедіңіздер.

Фабрикада озық технологиялар, соның ішінде жасанды интеллектіге негізделген бағдарламалар кеңінен қолданылады.

Олег Новачук, «Kaz Minerals» директорлар кеңесінің төрағасы:

- Бұл бұрынғы Кеңес Үкіметі аумағында соңғы 60 жылда жүргізілген ең ауқымды құрылыс.

«Бұл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына лайықты тарту». Президент фабриканың ашылуында осылай деді. Өндірістің тұтас елге пайдасын да айтты. Осындай нақты жобалар арқылы экономика дамиды. Ал Ақтоғайда тек кен емес, мыс өндірісі де ұлғаяды.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Алмас Омарғалиев, ПТРК

Хабар 24 телеарнасы