Азия аймағы ғаламдық тартылыс күшіне айналды – Президент

Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевты жаңа лауазымға ұсынды. Бүгін Мемлекет басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі Сыртқы істер министрлерінің жұмысына қатысқан делегация басшыларымен кездесті. Жиында Президент «бізге Азиядағы Үлкен ойын емес, Үлкен пайда қажет» деді. Тағы не айтылды? Қандай ұсыныс жасалды? 

Жиынға Бахрейн, Беларусь, Үндістан, Катар, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан елдерінің сыртқы істер министрлері, Израильдің туризм министрі, сондай-ақ 5 халықаралық ұйым мен 15 мемлекеттің дипломатиялық миссиясының басшылары қатысты. Азия елдерінің ұжымдық күш-жігері мен даналығын үйлестіру үшін Кеңестің әлеуеті зор.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біріншіден, Ақсақалдар кеңесінің басшысы лауазымына Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің негізін қалаушы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсыну – мен үшін үлкен мәртебе. Екіншіден, 2022-2024 жылдары кеңес төрағалығына Қазақстанды ұсынамын. Еліміздің кандидатурасы мақұлданған жағдайда ұжымдық күш-жігерді нығайту жолында біз жаңа мандатты пайдалануға міндеттеме аламыз.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес өткізуге біздің ел бастамашы болған. Бүгінде Кеңестің географиялық аясы кеңейді. Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайтын құрлықтық платформаға айналды. Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңеске мүше мемлекеттің бәріне және Кеңес хатшылығына Қазақстанның төрағалығы аясында жасалған өзара табысты іс-қимылдары үшін ризашылығын білдірді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өздеріңізге мәлім, біз АӨСШК-ті толыққанды халықаралық ұйымға айналдырудың стратегиялық мақсаттарына негізделген бірқатар маңызды басымдықты айқындадық. Кеңестің халықаралық ұйымға қажетті барлық элементтері, атап айтқанда, негізгі құжаттары, басқарушы және жұмыс органдары, оперативтік бюджеті мен тұрақты хатшылығы бар. Ұсынылып отырған трансформация Азияның жаһандық істерді реттеудегі жаңа ролін айқын көрсетеді. Бұл қадам Кеңеске мүше мемлекеттердің ірі құрлықтағы ортақ, бірыңғай және тұтас қауіпсіздіктің архитектурасын қалыптастыруға бейілді екенін нақтылайды.

Құбылмалы стратегиялық жағдайда Азия құрлығы геосаяси күрестің басты алаңына айналды. Осы ретте Президент Азия XXI ғасырдың көшбасшысы болады деді. Бұл орайда Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің салмағы да арта түспек. Міндеттер де көбейеді.  Арнайы каталог әзірленді. Бұл құжат эпидемиологиялық қауіпсіздік, қоғамдық денсаулық және фармацевтика, ақпараттық технологиялар, терроризммен күрес сынды ынтымақтастықтың жаңа салаларын қамтиды. Ауғандағы ахуал да өңірді қатты толғандырып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Орталық Азияның бес мемлекеті Ауғанстанның қалыпты жағдайға оралуына аса мүдделі. Қазақстанның ұстанымы айқын. Бізге Азиядағы Үлкен ойын емес, Үлкен пайда қажет.

Вакциналар барынша қолжетімді болуы қажет. Бұл ретте біздің ел QazVac арқылы денсаулық сақтау жүйесіне қомақты үлес қосуға ниетті. Мемлекет басшысы Кеңестегі әріптестерін эпидемиологиялық қауіпсіздік жөніндегі жаңа сенім шаралары аясында ұжымдық күш-жігерді жандандыруға шақырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазірдің өзінде біздің аймақ ғаламдық тартылыс күшіне айналды. Бұнда әлем халқының 60 проценті, тұтынушылық қабілеті бар өлшеммен алғанда әлемдік ІЖӨ 40 проценті осында шоғырланған. Осы құрлықта өте қуатты Еуразиялық экономикалық одақ, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің қауымдастығы, Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы және Жан-жақты аймақтық экономикалық әріптестік ұйымдары жұмыс істейді. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше елдер экономикасының орнықтылығын нығайту үшін жоғарыда аталған ұйымдармен ынтымақтастық мәселесіне ерекше көңіл бөлген жөн деп ойлаймын.

Кеңес экономиканы нығайту бағытында да бірсыпыра жұмыс атқарып жатыр. Атап айтсақ, алдағы уақытта қаржылық транзакциялардың, құбыр желілерінің және логистикалық бағдарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жаңа шаралар қабылданады. Транспорттық дәліздер дамытылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл ретте континенталды инфрақұрылымдық жобаларға ұзақ мерзімді инвестициялар салуға үлкен мүмкіндіктер бар. Халықаралық қаржы институттарының мәліметіне сүйенсек, бұл сала 2030 жылға дейін жыл сайын 1,7 триллион доллар қаражат салуды қажет етеді.

Президент климаттың өзгеруіне де тоқталды. Ғаламдық климат өзгерсе де мүше елдер орнықты дамуы тиіс. Бұл бағыттағы тың идеялар Кеңес саясатынан айқын көрініс табуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-  Азия-Тынық мұхиты аймағы климаттың әртүрлі құбылыстарына жиі ұшырайды. Бүкіл әлемдегі табиғи апаттардың 40 проценті осы аймақта болады және халқының 84 проценті зардап шегеді. Бұл мәселелер климатқа байланысты Париж конференциясынан кейінгі СОР26 Саммитінің қарсаңында аса маңызды. Глазгодағы Келісімдердің сапалы орындалуы адам шығынына және тұрмыс деңгейінің төмендеуіне бұдан былай жол бермеу үшін қажет. Сіздердің елдеріңіз осы өзекті мәселелерді ілгерілетуге ықпал етеді деп үміттенеміз.

Жиі құбылатын ауа райы Орталық Азияның, Таяу Шығыс пен Азия аймақтарының азық-түлік және су қауіпсіздігіне зардабын тигізеді. Бұл мәселелерге де Кеңесте басымдық берілуі тиіс деді Президент. Бұдан соң IT саласында ынтымақтастық орнатудың мәні зор екенін жеткізді. Қаржы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту де маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз АӨСШК қаржы саммитінің қорытындыларын қолдаймыз. Бүгінде Қазақстан еуразиялық кеңістіктегі қаржы нарығында маңызды рөл атқаратын елге айналып келеді. Осы ретте «Астана» халықаралық қаржы орталығын  айтуға болады. Қазіргі уақытта бұл Орталық әлемдік институттардың озық тәжірибелерін ұштастыратын және ағылшын құқығына негізделген заманауи құралдарды пайдаланатын қарқынды қаржы алаңына айналды. АӨСШК бойынша серіктестерімізді АХҚО-ның мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырамын.

Президент сөз соңында айтқан ұсыныстарының бәрі мейлінше қауіпсіз, орнықты әрі өркендеген Азия қалыптастыруға бағытталғанын айтты. Ал келесі жылы біздің елде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 6-саммиті өтеді. Алқалы жиын «Жаңа Әлемдегі Жаңа Азия» бағдарын айқындауға арналады. 

Қорған Қонысбайұлы