Қазақстанда өлім жазасы тек соғыс кезеңінде қолданылады

Өлім жазасы тек соғыс болған жағдайда қолданылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәжілістің бүгінгі отырысында осындай заң жобасы қаралды. Құжатты әзірлеген Бас прокуратура өкілдерінің айтуынша, енді терроризм, диверсия сынды қылмыс жасағандар өлім жазасына кесілмейді. Олар тек өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қоғамда өлім жазасын жақтайтындар және қолдамайтындар әрдайым бар. Әсіресе, балаларды азғындаған педофилдердің тағдыры әлеуметтік желіде жиі талқыланады. Ата заңның 15-бабында әркімнің өмір сүруге құқығы бар екені жазылған. Алайда қолданыстағы қылмыстық кодекстің 17-бабында өлім жазасы қолданылатын жағдайлар нақты көрсетілген. Енді бұл тізімді тағы қысқартып, жазаның бұл түріне қатысты 4-ақ норма қалдыру жоспарда бар. Яғни заңда тек соғыс кезінде жаппай қару қолданғандар, әскери тұтқындарды өлтіргендер мен геноцидке жол бергендерді өмірінен айыру қарастырылады.

Әсет Шындалиев, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары:

– Осы қылмыстар үшін өлім жазасын қалдыруды ұсынамыз. Бұдан басқа Қазақстан биологиялық қару, ядролық, химиялық қаруға тыйым салу шарттарын бекітті. Бұл шарттар жаппай қырып-жоюына тыйым салады. Сол себепті осындай құралдарды қолданғаны үшін өлім жазасын қалдыруды қарастырып отырмыз. Бұл әр адамның Конституцияға сәйкес өмір сүру құқығын сақтайды.

Ел тарихында өлім жазасына кесу деректері жоқ емес, бар. Мәселен, 2016 жылы Алматы қаласында 10 адамды атып өлтірген Руслан Күлекбаевқа қатысты сот осындай шешім шығарды. Бірақ бұған дейін өлім жазасын қолдануға мораторий жарияланғандықтан үкімді өзгертуге тура келді. Қылмыскер өмір бойы бас бостандығынан айырылып, «Қара бүркіт» колониясына қамалды. Былтыр Қазақстан өлім жазасынан бас тарту туралы халықаралық хаттамаға қол қойды. Соған негізделіп, енді заңнамаға да өзгерістер енгізу көзделген.

Арман Қожахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Жұмыс тобының бірнеше отырысы Жоғарғы сот, Прокуратура, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар, Әділет, СІМ, сарапшылардың қатысуымен өткізілді. Парламент Мәжілісінің тұрақты комитеттері заң жобасына оң қорытындыларын берді. Баяндалғанның негізінде бірінші оқылымда заң жобасын мақұлдауды ұсынады.

Құжатқа сәйкес өлім жазасы қылмыс жасалғаннан кейін 1 жыл өткен соң ғана қолданылады. Егер соғыс аяқталса, бұл шешім өз күшін жояды. Бас прокуратура мамандары ұсынған статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өлім жазасы ауыр қылмыстар көрсеткішін төмендетуге оң әсерін тигізбейді. Керісінше, жазаның бұл түрі қолданылғанда, заң бұзушылық 2-3 есеге көп болған.

Дариға Ташенова