ТМД елдерінің саммитінде өңірдің өзекті мәселелері талқыға түсті

Қазақстанда «QazcoVac-P» жаңа препараты әзірленіп жатыр. Вакцинаның клиникалық сынағы нәтижелі болды. Тағы да үш вакцина клиникалық деңгейде тестілеу сатысында тұр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдерінің кезекті саммитінде айтты. Мемлекеттер басшылары күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді онлайн отырып талқылады. Пандемиямен күрес және Ауғанстандағы жағдайды сөз етті.

Президент геосаяси жағдай ушығып бара жатқанын айтты. Әлемдік экономика құбылып тұр. Экологиялық проблемалар мен пандемия тағы бар. Сын-қатерлерге төтеп беру үшін Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше елдерді күш жұмылдыруға шақырды. Атап айтсақ, сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру өзекті. Осыған орай Президент өнеркәсіптік кешендерді дамытудың кемінде 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын әзірлеуді және көрсетілетін қызметтер туралы келісімге қол қоюды ұсынды. Пандемияның салдарын еңсеру де маңызды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- ТМД елдері күрделі кезеңде бір-біріне қолдау көрсетіп, қажетті көмек беру арқылы бірлік пен ынтымақтастықтың үлгісін танытты. Осы ретте Ресей маңызды роль атқарды. Елдеріміз СOVID-19 індетімен күресте, оның ішінде вакцина әзірлеу саласында жақсы тәжірибе жинақтады. Қазіргі таңда халыққа жаппай екпе салу ғана жағдайды түзетуге, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бізде QazVac бар. QazCoVac-P жаңа препараты да әзірленіп жатыр. Оның клиникалық сынағы нәтижелі болды. Тағы да үш вакцина клиникалық деңгейге дейінгі тестілеу сатысында тұр. Бұл ретте Президент ТМД кеңістігінде вакцинация паспорттарын өзара мойындау ісін жеделдетуді ұсынды. Сосын ауғандағы ахуалға тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан БҰҰ-ның ұстанымын құптайды. Осы елдегі ауыр гуманитарлық жағдай халықаралық қауымдастықтың назарында болуға тиіс. Саяси ұстанымдарымызға немесе жеке мүддемізге қарамастан Ауғанстан халқын бұл қиындықтармен бетпе-бет қалдырмауымыз керек. 

Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір ұсыныс айтты. Халықаралық қоғамдастықтың іс-қимылдарын жүйелеу мақсатында Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі логистикалық хаб құру керек. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Дағдарыстың ауыр кезеңін еңсергеннен кейін Ауғанстанға БҰҰ институттары тарапынан жүйелі түрде көмек қажет болады. Алматыда БҰҰ-ның Аймақтық орталығын құру туралы біздің бастамамыз осы маңызды міндетті жүзеге асыруға септігін тигізеді. Аталған жоспарлардың іске асуына Ұйымға мүше елдер көмектеседі деген үміттеміз. 

Елдер біріге отырып көмектеспесе қалыптасқан дағдарысты тәліптердің өз бетінше еңсеруі екіталай. Себебі елде заңсыз есірткі тасымалы қарқын алып барады. Әлемдік деңгейде есірткі өндірісінің 90 проценті осы мемлекетке тиесілі. Заңсыз бизнес экономикасы тұралаған Ауғанстанның басты табыс көзі саналады. Сондықтан биліктегі тәліптердің мұндай кірістен бас тарта салуы қиын. Мұны Владимир Путин айтты. Оның үстіне ауған елінің солтүстігінде бір ғана «Ирак және Левант» лаңкестік ұйымының 2 мың өкілі бар. Путиннің пікірінше, террористер ТМД-ға мүше елдердің аумағына босқын ретінде өтіп кеткісі келеді. 

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

- Тәліптердің үкіметін толық мойындауға әлі асықпау керек. Бұл ретте Қазақстан Президентінің ойымен келісемін. Ауғанстанмен өзара іс-қимылды жүргізу керектігін түсінеміз. Ел ішінде татуласу процесі жүріп жатыр. Оны қолдаймыз. Мемлекеттегі жағдайды тұрақтандыруға мүдделіміз. Дегенмен, «Талибанның» билігін ресми түрде мойындауға әлі ерте. 

2022 жыл ТМД елдерінің халық шығармашылығы мен мәдени мұрасының жылы. Осыған орай 100-ге жуық шара өткізу жоспарланған. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Комрат қаласының 2023 жылы Достастық елдерінің мәдени астанасы болып таңдалуымен Молдова халқын құттықтады. Отырыс қорытындысы бойынша ТМД-ға мүше мемлекеттердің басшылары ТМД-ның 30 жылдығына байланысты Мәлімдемеге және Ұйымды одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойды.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- ТМД-ның құрылғанына биыл 30 жыл. Іргелі ұйымның іргесін қалау туралы бастама Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. 1991 жылы Алматыда өткен мемлекеттер басшыларының кездесуінде ТМД құру туралы тарихи Декларация қабылданды. Құрылды. 30 жылда ТМД беделді халықаралық ұйымға айналды. Биыл ұйымға Беларусь төраға. Келер жылы іргелі ұйымға қазақ елі төрағалық етеді. 

Қорған Қонысбайұлы, Рауан Мыңбаев, Алмас Омарғалиев