Эксклюзив: «Хабар 24» тілшісі қазақ делегациясының «Талибанмен» кездесуіне қатысты

Ауғанстанда «Талибан» қозғалысының басшыларымен алғашқы келіссөздер жүргізген қазақ делегациясы елге оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жауапты миссияны Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан бастап барды. Кабулда қауіпсіздік талаптары күшейтілген: қазақстандықтарды мұздай қаруланған тәліптер жасағы алып жүрді. «Хабар 24» арнасының тілшісі делегация құрамында болып, келіссөздердің барысын бақылады.

Тәліптер билікті басып алғаннан кейінгі бұл екі ел арасындағы алғашқы дипломатиялық кездесу. Президенттің арнайы өкілі бастаған қазақстандық делегация Кабул әуежайына келіп қонды. Айтпақшы тамыз айында дәл осы әуежайға босқындар жаппай ағылғаны есіңізде шығар. Ауғандар елден кетпек болып, ұшып бара жатқан ұшақтарға секіріп мінуге де әрекеттенген еді.

Жасын Біркенов, тілші:

– Кабул әуежайынан біз бірден Қазақстан елшілігіне келдік. Бұл ғимаратта жұмыс істейтін қазақстандық дипломаттарды бүгінде осы елдегі басқарушы әкімшіліктің мынадай сарбаздары күзетіп отыр.

Ауғанстанда билік ауысқан кезде Қазақстан елшілігін күзетіп отырған полиция бірден қашып кеткен деседі. Осы кезде оппозицияның мұздай қаруланған жасағы ғимаратқа қарай бет алыпты-мыс.

Әлімхан Есенгелдиев, ҚР Ауғанстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Кешкі 11:30, 12:00-ге жақын тәліптердің бір жасағы осы жерге келді. Консулды алып, алдына шығып, сөйлестік. Біз Қазақстанның елшілігіміз дегеннен кейін, қысқаша сұхбаттастық. Олар кешірім сұрады. Әрі қарай жұмыс істей беріңіздер. Біз таңертеңнен шешім қабылдап, күзетті өзіміз қоямыз деді. Мен алғысымды айтып, жұмысымызды жалғастыра бердік.

Қазақстандық делегацияны бүкіл сапар бойы күзетіп жүрген де – осындай жасақтар. Тіпті қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету үшін бізді оқ өтпейтін көліктермен тасыды.

Ержан Қазыханның алғашқы кездесуі осы елдің Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Әмір Хан Муттакимен өтті. Бүгінде тәліп билігін мойындау-мойындамау мәселесін бүкіл ел қызу талқылап жатқаны анық. Бірақ саяси ұстанымдар мен жеке мүддеге қарамастан қазіргі әкімшілікпен байланыс орнату керек. Бұл Ауғанстан халқын қиындықтармен жалғыз қалдырмас үшін қажет шара.

Жасын Біркенов, тілші:

– Дөңгеленген дүниенің дүйім елдері басқарушы әкімшілікті мойындауға асығар емес. Ауған халқын қиын қыстау кезеңде жалғыз қалдырмау керек. Қазір маңыздысы осы. Бұл туралы жақында ТМД елдері басшыларының отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты. Өйткені бүгінде Ауғанстан халқының 95 процентінің үрерге иті, сығарға биті жоқ. Ал әрбір екінші бала аш жүр.

Қазақстан ауған халқына гуманитарлық көмек жіберді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен. Күні кеше ғана бұл елге 5 мың тонна ұн жеткізілді.

Қазақстан Президенті мен халқынан гуманитарлық көмек алғанымызға қуанып отырмыз. Бұл ұнның сапасы өте жоғары. Ауған жұрты үшін мұндай қолдаудың маңызы зор.

Қазір Қазақстан БҰҰ агенттіктерімен бірлесіп, гуманитарлық ынтымақты одан әрі кеңейту мәселесін қарап жатыр. Бұл туралы Ержан Қазыхан премьер-министрдің орынбасары Абдул Ғани Барадармен кездескен кезінде айтты.

Жасын Біркенов, тілші:

– Біз Президент сарайына келіп тұрмыз. Дәл қазір мұнда Ержан Қазыхан осы елдің бірінші вице-премьер-министрі Абдулгани Барадармен кездесу өткізіп жатыр. Екеуара басқосу кемі 1 сағатқа созылуы мүмкін.

Ауғанстанның қазіргі әкімшілігімен ұйымдастырылған кездесулердің бәрі жабық өтті. Осы сәтті пайдаланып, біз президент сарайын аралауға мүмкіндік алдық. Мұнда үш ай бұрын ғана Ашраф Ғани жұмыс істеген еді.

Жасын Біркенов, тілші:

– Мына ғимараттың екінші қабатында Ауғанстанның бұрынғы президенті құжаттармен жұмыс істеген көрінеді. Мұнда оның кеңсесі орналасқан деседі. Ал мына екінші қабатта Ашраф Ганидың жеке кітапханасы болғанға ұқсайды.

Ал бұл БҰҰ миссиясының Ауғанстандағы штаб-пәтері. Қазір осы елдің мемлекеттік туын осында ғана көруге болады. Ал қала көшелерінде тәліптердің жалауы желбіреп тұр. Мұнда Ержан Қазыхан БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі Дебора Лайонспен кездесті. Осы және басқа да кездесулердің нәтижесі туралы кейін Ақорданың ресми сайтында жазылды.

«Ауған тарапы көрсетілген гуманитарлық көмек үшін алғыс білдіріп, Ауғанстанды қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерге еліміздің елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті. Тараптар дәстүрлі сауда-экономикалық байланыстарды қалпына келтіруге және ауған студенттері үшін Қазақстанда білім беру бағдарламаларын жалғастыруға қызығушылық танытты».

Бүгінде екі ал арасындағы алыс-беріс көңіл көншітерлік. Пандемия басталған жылдың өзінде тауар айнылымы 623 млн долларға жеткен. Десе де алда сауда-экономикалық қатынасты одан әрі дамыту міндеті тұр. Сол себепті қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі алаңдатпай қоймайды.

Жасын Біркенов, тілші:

– Ауғанстандағы тұрақтылыққа төнген қауіп көп. Соңғы бір аптаның ішінде кемі 100 адамның өмірін қиған осы елде 2 үлкен теракт болды. Соның бірі Құндыз қаласында. Террористер мешітке баса-көктеп кіріп, жарып жіберген болатын. Ал өткен жұма күні Кандагарда «Ирак және Левант» террористік тобының содырлары шабуыл жасады.

Қазақстан ауған тарапына отандық QazVac вакцинасын беруге дайын. Ержан Қазыхан қазіргі әкімшіліктің өкілдеріне осыны жеткізді. Есесіне бұл ұсынысты олар зор ықыласпен қабылдады.