Қасым-Жомарт Тоқаев Венгрия премьер-министрінің орынбасарын қабылдады

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Мажарстанның Стратегиялық кеңесінің бесінші отырысына және  бизнес-форумға қатысу үшін Нұр-Сұлтан қаласына келген Мажарстан Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Михай Варганы қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24» Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесу барысында сауда-экономикалық, қаржы, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қатынастарды дамытудың перспективалары қарастырылды. Сондай-ақ пандемияға қарсы күрес шараларына, климаттың өзгеруіне және аймақтық күн тәртібіне қатысты мәселелер сөз болды.

Қазақстан Президенті еліміздің тілеулес досы Михай Варгаға ілтипат білдіріп, оның Қазақстанға сапары табысты болатынына және екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.

Мажарстан Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі кездесуге мүмкіндік бергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, әлемдегі қазіргі жағдайға қарамастан, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы байланыстардың даму қарқыны бәсеңдемегенін айтты.

Қазақстан Президенті мен Мажарстан Премьер-министрінің 2019 жылғы сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында табысты кездесу өткізгенін  айтқан Михай Варга Мажарстан басшылығы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Будапештке алдағы уақытта жасайтын сапарын асыға күтіп отырғанын жеткізді.

Мажарстан саясаткері Мемлекетіміздің басшысына пандемия кезінде көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіріп, Нұр-Сұлтан қаласындағы бизнес-форумның табысты өткенін айтты. Аталған шара барысында бірқатар маңызды инвестициялық келісімге қол қойылды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Михай Варганы II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.