Шахтадағы кеншілердің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды – ҚР ІІМ

Апат болған «Абай» шахтасында зиянды заттардың қалдығын жою жұмыстары жүріп жатыр. Тау-кен құтқару жасағының 12 адамы апат болған жерде жүр. Шахтада атылған тау-кен массасының ұзындығы шамамен 20 метр жерге тараған. Кен орнының басқа учаскелерінде жағдай қалыпты, қауіп жоқ, дейді құтқарушылар. 

Таңғы сағат 8- де «Абай» шахтасының кеншілері әдеттегідей жұмысқа келіп, алғашқы бригада жөндеу жүріп жатқан шахтаға түседі. 64 кеншінің жер астына түскеніне 24 минут болғанда авариялық қызметке метанның шамадан тыс тарала бастағаны туралы дабыл келеді. 

Құтқарушылар жер астына түскен кезде қайтыс болған 6 адам бір-бірінен 150-200 метр қашықтықта жатқан көрінеді. Ал апаттың шығу салдарын алдағы уақытта үкіметтік комиссия анықтайтын болады. Десе де алдын-ала жорамал бойынша бұл апат техногендік сипатқа ие. Яғни ауаға кенеттен шыққан газ-метан салдарынан кеншілер уланып қайтыс болған.

Сағат 9-дан өте  кеншілердің туыстары мен әріптестері шахта маңына жинала бастаған. Қайғылы хабарды кейбірі осы жерден естиді. Қаза болғандардың ең жасы небәрі 31 жаста еді.  

Александр Чернышов, кенші:

– Біз дәл осы бөлімде жұмыс істейтінбіз. Бүгін менің демалыс күнім еді, ести салып, бірден келіп тұрмын. Әріптестеріміз, жақсы танитын адамдарымыз еді... Көбісі жас, 30 жастан енді асқандар. Ішкі жан-дүнием алай-дүлей болып тұр.

Шахта басшылығы  һтөтенше жағдай кезінде кен орнында көмір өндірісі жүргізілмегенін айтады.

Сергей Дудкин, «Абай» шахтасының директоры:

– Таңертең жағдай тұрақты, барлық газ мөлшеріндегі көрсеткіштер жер астындағы ахуал қалыпты екенін көрсетіп тұрған еді. Кеншілер жер астында ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Онда қажетті материалдар жеткізіліп, механизмдердің жұмысын ретке келтіру үстінде болған. Қазір оқиға болған жерде штаб құрылып, құтқарушылар жұмыс жүргізіп жатыр.

ТЖ болған шахтаның ұзындығы шамамен 400 метр.  Оқиға орнында болған тоғыз адамның бірі сыртқа өз еркімен шыққан. Екеуі ес-түссіз емхана жеткізілген. 6-ның мәйіті табылып отыр.

Мұрат Қатпанов, облыстық ТЖД басшысы:

– Аварияның алғашқы себебі болып техногендік сипат себеп болды деп ақпарат беріп отырмыз.  Шахтерлер газ-метанның қатты шығуына байланысты ауа жетіспей, сол жерде тұншығып қайтыс болған. Қазір бүкіл шахтердің денесі үстіге шығарылды. Екі адам Мақажнов клиникасында.

Ерік Шонбаев, Х.Мақажанов атындағы облыстық травматологиялық орталықтың бөлім жетекшісі:

– Қазіргі жағдайда кеншілердің жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Газға уланған. Сондықтан реанимациялық бөлімде жатыр. Өміріне қауіп жоқ деп айтуға негіз бар. Қажетті ем-шара жүргізіліп жатыр.

Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Олар алдымен қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты.  Ал полиция болса ҚК 277-бабы, 3-тармағына сәйкес іс қозғады. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ болса қаза тапқан отбасыларға материалдық тұрғыда көмек көрсетіледі деп отыр.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақанбаев, Сайлау Игіліков