Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы қызметкерлерін құттықтады

Президент өзінің Twitter-інде агроөнеркәсіп кешені мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап жазды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

«Агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Бұл – Қазақстанның экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар сала. Ауыл шаруашылығына озық технологияларды енгізіп, сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру – мемлекеттің басты міндеті», - деп жазған Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter парақшасында.

Еске сала кетсек, қарашаның үшінші жексенбісінде ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні аталып өтеді. Ауылшаруашылық саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өту дәстүрі кеңес заманынан бері сақталған. Тәуелсіз Қазақстан сол дәстүрді сақтап, 1998 жылы мерекені атап өту датасын заңнамалық деңгейде қарашаның үшінші жексенбісіне бекіткен.