Қ.Тоқаевтың Бельгияға мемлекеттік сапары басталды

Қазақстан мен Бельгия коронавируспен бірігіп күреседі. Отандық «QazBioPharm» холдингі мен бельгиялық биофармацевтикалық платформа бірлесе жұмыс істеуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Корольдігіне жасаған ресми сапары барысында осындай ұсыныс жасады. Бұл президенттің Брюссельге жасаған алғашқы ресми сапары. Мемлекет басшысы сапары аясында осы елдің королі Филиппен кездесіп, оны келер жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне шақырды. Пандемия басталғалы бері Бельгия Корольдігінің сарайы қақпасын айқара аша бермейтін болған. Бұл жолғы мәртебелі мейманның жөні бөлек. Қасым-Жомарт Тоқаевты сарайдың иесі, Бельгия королі Филипп күтіп алды.

Коронавирус саяси этикетті де өзгертті. Ара қашықтық сақталып жасалған дәстүрлі суреттен соң масканы тағу міндет. Сосын қос тарап арадағы мәселелерді талқылау үшін мәжіліс залын бетке алды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Бельгия арасындағы ықпалдастықтың кеңейіп келе жатқанын айтты. Бұл ретте президент Қазақстанға үш мәрте келген Бельгия Королінің үлесін жеке атап өтті.

Еуропаның тар көшелері, президент кортежі. Келесі кездесу Бельгияның Премьер-Министрімен. Осыдан бірнеше күн бұрын баспасөз құралдары Александр Де Крооның карантинге кеткенін жарыса жазған, тест теріс нәтиже көрсетіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен жеке жүздесті.

Тараптар талқылайтын тақырып көп. Бельгия – еліміздің экономикасына инвестиция салу жөнінен алтыншы орындағы мемлекет. Соңғы 15 жылда Бельгия Қазақстан экономикасына 9,3 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салыпты. Пандемияға қарамастан, өзара сауда көлемі 13% өсіп, 300 миллион доллардан асқан. Тараптар коронавирус пандемиясына қарсы күрес бойынша ықпалдастық орнатуға да ниетті.  Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ретте отандық «QazBioPharm» ұлттық холдингі мен жақында құрылған бельгиялық биофармацевтикалық платформа арасында ынтымақтастық орнатуды ұсынды. Ал Александр Де Кроо Қазақстанның Еуроодақпен ынтымақтастығын жоғары бағалайтынын айтты.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

– Бұл нүкте Еуропа астанасының кіндігі. Мына ғимарат Еуропалық кеңестің штаб-пәтері. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кеңестің төрағасы Шарль Мишель осында кездесіп, Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы байланысты бір бағамдап алды. Еуроодақ Қазақстанды Орталық Азиядағы сенімді серіктесі деп санайды, ал Қазақстан үшін бұл одақ нөмірі бірінші сауда әрі инвестициялық әріптесі. Биылғы жылдың алты айында арадағы алыс-беріс 15,8 млрд долларға жеткен. Қос тарап мұны көбейтуге, қарым-қатынасты кеңейтуге мүдделі.

Мүдде ортақ болғанда, бәрі де мүмкін. Қазақстан басшысын Еуроодақ мүшелері қуанышпен қарсы алды. Оны жүздерінен аңғару қиын емес еді.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СУ-ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КОНСОРЦИУМ ҚҰРУ КЕРЕК

Еуроодақ Қазақстанға инвестиция салудан именбейді, тәуелсіздік жылдарында бұл одақ біздің елге 160 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы құйыпты. Кездесуде Мемлекет басшысы Орталық Азиядағы су ресурстары мәселесіне тоқталып, Халықаралық су-энергетикалық консорциум құру қажет деген ұсыныс айтты. Бұл консорциум аймақтағы мемлекеттердің мүдделерін теңестірмек. Осыған байланысты Президент еуропалық серіктестерді Қазақстанның бастамасын жүзеге асыруға үлес қосуға шақырды.

Бернд Ланге, Еуропарламенттің халықаралық сауда жөніндегі комитетінің төрағасы:

– Қазақстанның Орталық Азиядағы рөлі өте маңызды. Әсіресе, өңірдегі тұрақтылықты сақтауда сіздердің елдеріңіздің аймақтағы орны тіпті айқындала түседі. Тіпті пандемия кезінде де Қазақстан Еуроодақтың аймақтағы маңызды сауда серіктесі болып қала берді. Қазір жаңа жобаларды бірігіп жүзеге асыратын уақыт келді деп санаймыз.

ЕУРООДАҚПЕН 29 БАҒЫТТА БАЙЛАНЫС БЕКІГЕН

Саясат, экономика, экология. Қазақстан мен Еуроодақ арасында 29 бағытты қамтитын «Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық» туралы келісім бар. Оның жүзеге асырылу барысына қос тараптың да көңілі толады. Қазақстан мен Еуроодақтың білім саласында да берік байланысы бар. Мысалы, 3 мың қазақстандық жас Еуроодақ шеңберінде білім алды, солардың бірі – Фарзия Иманбердина. Ол осымен екі ай Брюссель Бостандық университетінің студенті.

Фарзия Иманбердина, Брюссель Бостандық университетінің студенті:

– Мен бір жыл оқимын және мен Фламанд үкіметі тағайындаған стипендияның иегерімін. Бұл елде қазақстандықтарға арналған түрлі стипендиялар көп. Сондықтан, ынта болса, мұндай мүмкіндікті қалт жібермеуге кеңес беремін.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге сапары екі күнге жалғасады. Президент Еуропадағы бизнес қауымдастықтың алыптармен кездеседі және Еурокомиссияның президенті Урсула фон дер Ляйенмен де келіссөздер жүргізеді деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Жанат Эрнст, Айдос Меделбеков, Жомарт Ахметов, Алмас Омарғалиев, Айдос Ентебеков