Қ.Тоқаев Еуропалық комиссияның Президентімен келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельге ресми сапарының соңында Еуропалық комиссияның Президенті Урсула фон дер Ляйенмен кездесті. 

Жылы шырайда өткен кездесуде тараптар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды жан-жақты талқылады. 

Сондай-ақ пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономиканы қалпына келтіру, климаттың өзгеруі, көлік-логистика, гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту, ғаламдық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасты. 

Әңгіме барысында экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселесіне баса мән берілді. Мемлекет басшысы Қазақстан нарығына инвестиция салатын еуропалық инвесторлар үшін арнайы жағдай жасалатынын және институтционалдық қолдау көрсетілетінін атап өтті. 

Еуропалық Одақ – Орталық Азиядағы Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық әріптесі. Аймаққа тартылған инвестицияның 75 проценті біздің елімізге тиесілі. 

Кездесуде тараптар «жасыл» экономика, орнықты энергетика және тау-кен өнеркәсібі, агробизнес, ІТ-технологиялар, инновациялар, транзит және көлік, қаржы, денсаулық сақтау және фармацевтика, білім беру мен туризм сияқты перспективалы салалар бойынша ықпалдастықтың жаңа бағыттарын іздестіруге мүдделі екендерін білдірді.