Н.Назарбаев «Астана Опера» мемлекеттік балет және опера театрына барды

Елбасы бүгін «Астана Опера» театрында өткен Мария Мудряктың «Саған арнаймын, менің Қазақстаным» атты жеке концертіне қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сайтына сілтеме жасап.

Мария жастайынан «Болашақ» бағдарламасы бойынша Миландағы жоғары музыка академиясынан білім алды. Одан соң Дж.Верди атындағы мемлекеттік консерваторияны үздік аяқтады. Ол көптеген халықаралық конкурстың лауреаты. Шынайы өнерімен танылған талант аз ғана уақыттың ішінде әйгілі театрлардың сұранысына ие опера әнішісі болды.

Мария Мудряктың жеке концерті Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне және ел тәуелсіздігнің 30 жылдығына арналды.

Мерекелік бағдарламаға сондай-ақ Болгарияның баритон әншісі Владимир Стоянов және «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі қатысты. Оркестр тізгінінде италиялық дирижер Альвизе Казеллати болды.

Концерттен кейін Н.Назарбаев М.Мудрякпен әңгімелесті. Әнші өзінің шығармашылық жоспарымен бөлісті. Қазақстанда тағы бірнеше концерт өткізуді жоспарлап отырғанын, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінде дүниежүзілік ЭКСПО көрмесінің қонақтарына арнап өнер көрсететінін айтты. Қазақстанның Тұңғыш Президенті опера әншісінің жоғары кәсіпқой өнерпаз екенін атап өтіп, оған шығармашылық табыс тіледі.