loader


QazVac вакцинасы Швейцарияда тіркеуден өтіп, Еуропаға экспортталады

Отандық «Qazvac» вакцинасына әлем бойынша сұраныс артты. Қазіргі таңда жер-жаһанның сан түрлі мемлекетінен оны өндіру жөнінде ұсыныс келіп түсті. Соның бірі Швейцария Конфедерациясы тарапынан жасалды. Бұл мемлекет отандық екпені мемлекеттік деңгейде тіркеп, әрі қарай Еуропа, Оңтүстік Америка және Африка елдеріне тасымалдауды жоспарлап отыр.

Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Швейцария сапарында белгілі болды. Президенттің Женеваға сапарының мақсаты неде? Қандай маңызды мәселелерді сөзіне арқау етті?

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Оңтүстік Африка елдерінде қайта буырқанған вирус Еуропаны тағы қыспаққа алды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осыдан бірер күн бұрын пайда болған коронавирустың жаңа штамын ең қауіпті деп атады. Елдер карантиндік шараларын қатаңдатып, Африкамен қатынасты уақытша үзе бастады. Омикронның неғұрлым жұқпалы екені белгілі. Енді вакциналардың онымен күресте қаншалықты әлеуетті екенін білу міндеті тұр. Осы мәселені анықтамақ ниетте ғалымдармен қатар бірқатар әлемдік саясаткер Женевадағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының штаб-пәтеріне жиналды. Солардың ішінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.

Президент ресми сапарын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның Женевадағы штаб-пәтерінен бастады. Ең алдымен елдегі пандемияға қарсы күрес мәселелері сөз болды. Тараптар коронавирустың жаңа штамы – омикронмен күресте әрдайым бірге болу керектігін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау жүйесіндегі екі маңызды – алғашқы медициналық көмек пен денсаулық сақтау саласындағы қызметтермен халықты жаппай қамту бағыттарын біріктіру туралы ұсыныс айтты. Бастама екінші тараптан қолдау тапты.

Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау - сенімді серіктес. Бұны Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тедрос Гебрейесустың бірін-біріне деген құрметінен байқауға болады. Ұйым басшысы Қазақстан Президентін тағы бір маңызды жиынға мейман етті. Бұл - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ассамблеясының арнайы сессиясы. Ұйым тарихында екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Оған пандемияның қайта күшеюі және бұдан да үлкен қарқынмен таралу қаупі себеп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қоғамдық денсаулық сақтау жолындағы осы аса күрделі жаһандық күресте жетекші рөл атқарды. Ұйымға мүше мемлекеттердің бәрі және олардың денсаулық сақтау жүйелері ауыр жағдайды бастан өткерді және қиындық әлі де жалғасып жатыр. Коронавирустың жаңа әрі қауіпті штамдары әлем бойынша тез тарала бастағандықтан, алдағы апталарда COVID-19 індетін жұқтырғандар саны айтарлықтай өседі. Жуырда Оңтүстік Африка ғалымдары анықтаған «Омикрон» штамы жаңа қауіп төндіріп отыр.

Президент мұндай әлемдік деңгейдегі ұйымдарды басқаруда тәжірибесі мол. Біріккен Ұлттар ұйымының Женевадағы өкілдігіне жетекшілік еткен жылдары жаһан жұртын алаңдатқан мәселелерді талай рет мінберден көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолы коронавирусқа қарсы вакцинаның жер бетінде әділ бөлінуі қажеттігін ұсынды. Пандемия кей мемлекеттердің денсаулық сақтау саласындағы әлсіз тұстарды көрсетіп берді. Сондықтан вакцинасы жоқ елдерге де көмек қажет. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазіргі пандемия денсаулық сақтау саласындағы ерекше төтенше жағдай болып саналмайды. Дағдарыс мемлекеттердің және ұлттық денсаулық сақтау жүйелерінің ішкі құрылымдық кемшіліктерін көрсетіп қана қоймай, жаһандық деңгейдегі күрделі әрі қордаланған теңсіздіктерді айқындап берді. Сондықтан Қазақстан вакциналардың әлем бойынша әділ таратылуын қолдайды және оған белсенді түрде атсалысады. Біз 2022 жылдың ортасына қарай жаһандық вакциналауды қамтамасыз ету жөніндегі ДДСҰ-ның COVID-19 індетіне қарсы стратегиясын толық қолдаймыз.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Бұл басқосуға еуропалық бизнес капитандары шақырылды. Ұзын-саны 60 компания басшысы дөңгелек үстелге жиналды. Талқыланатын тақырып аясы кең. Ең бастысы, Қазақстан мен Швейцария арасындағы тауар айналымын арттырып, ынтымақтастықты ырысты ете түсу.

Швейцария конфедерациясы ұзақ жылдан бері Қазақстанның негізгі стратегиялық және инвестициялық серіктесі. Сол ынтымақтастық келешекте де нығая түседі. Швейцариялық компаниялардың бірі Қазақстанға тікелей әуе рейсін ашуды жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы келісімнің алғашқысына қол қойылды. Келер жылы ел азаматтары Нұр-Сұлтаннан тікелей Базельге қатынап, Альпі тауларына саяхаттай алады.

Михаэль Швин, «EURO AIRPORT BASEL MULHOUSE FREIBURG» компаниясының вице-президенті:

- Швейцариядағы 3 ірі әуежайдың бірі Базельде орналасқан. Халықаралық әуе айлағы деген мәртебе ие. Енді осы шаһар мен Нұр-Сұлтан қаласы арасында тікелей әуе рейсін ашқымыз келеді. Сол арқылы туризм, сауда-саттық,  тасымал саласындағы екі ел байланысын нығайту түсу жоспарымызда бар. 

Жалпы соңғы 15 жылда еліміздің экономикасына салынған Швейцария капиталы 26 миллиард франкке жетті. 200-ден астам швейцариялық кәсіпорын Қазақстанға инвестиция құйып, табысты жұмыс істеп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Егер конструктивті диалог орнаса және оған бизнес қосылатын болса, елдеріміз арасындағы қатынастар табысты болады деп санауға негіз бар. Бұған отыз жыл ішінде көз жеткіздік. Үкімет осындай ықпалдастық пен ынтымақтастықтың негізін қалай алады және солай жасауға тиіс. Бұған дипломатиялық және саяси құралдар, реттеу тетіктері, ынталандырулар, құқық үстемдігі қағидатын іске асыру және нақты қолдау шаралары арқылы қол жеткізуге болады. Қалған істің бәрін бизнес жасай алады және істеуге тиіс.

Қазақстан Орталық Азия бойынша экономикасы жылдам дамып келе жатқан елдердің бірі. Әлемнің 180 елімен сауда-саттық жасайды. Мемлекет аса маңызды инвестициялық жобаларға 25 жылға дейін заңнамалық және қаржылық тұрақтылықты сақтауға кепілдік береді. Еліміз пандемиямен күресте тиімді – вакцина шығарды. Оның індетке қарсы әлеуеті ғалымдар тарапынан дәлелденді. Швейцария оны жақын арада тіркеуді бастамақ. Сөйтіп, Қазақстаннан препарат сатып алуға кіріседі. 

Күнсұлу Закарья, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:

- Бүгін біздер инвестфорумға қатыстық. Бұл жерде М3 групп деген Швейцариялық компаниямен келісімшартқа қол қойдық. Меморандумға. Келісім шарттың аясында біздер Қазақстандық алғашқы қазвак вакцинаны болашақта осы Швейцарияда тіркеу және Еуропаға Африкаға және оңтүстік Америкаға шығару мақсатында жұмыс бірге жасаймыз.

Абдалла Шатила, «M3 GROUPE» холдингінің президенті:

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан тіркеуде өткенін күтіп отырмыз. Аяқталысымен, бірден іске кірісеміз. Қазвакты өзімізде өндіретін боламыз.

Келешекте швейцариялық компания қазақстандық екпені осы жерде өндіріп, Оңтүстік Америка, Африка, Еуропа елдеріне тасымалдауы да мүмкін. Бұл келісімнің екі елге де берері мол. Дей тұрғанмен, технология толыққанды елде қалады. Қазақстан қазір казвакпен бірге, вакцинаның жаңа түрлерін шығарып жатыр. Екінші «QazCoVac-P» вакцинасы клиникалық зерттеулер фазасына кандидат ретінде тіркелді. Мемлекет басшысы жиында ағылшын құқығына негізделген Астана халықаралық қаржы орталығының жұмысы жөнінде де айтты.

АХҚО құрылымында сот ісін қараудың жедел баламалы түрін қамтамасыз ететін Халықаралық арбитраж орталығы құрылған. Қаржылық қызмет көрсететін Орталықтың қатысушылары 2066 жылға дейін корпоративті табыс салығы мен қосымша құн салығынан босатылған. Шетел валютасына, визалар мен жұмыс күшіне қатысты талаптар оңтайландырылған. Біздің биржалық алаңымызда әлемнің 59 елінен 1000-нан астам компания бар.

Инвестициялық форум соңында жалпы сомасы 301 миллион доллар болатын алты коммерциялық келісімге және он коммерциялық емес құжатқа қол қойылды. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы, медицина, көлік және мұнайхимиясы саласын қамтитын маңызды жобалар бар.

Рауан Мыңбаев, Ербол Дайыров, Дулат Ентебеков

Сондай-ақ...