Қазақстан мен Швейцария Президенттері келіссөз жүргізді

Қазақстанда швейцариялық вагондар құрастырылуы мүмкін. Келісім іске асса, кәсіпорын елордада орналасады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Сөйтіп ескірген вагондар жаңарып, еуропалық стандартқа көшеді. Келісімге Қазақстан Президентінің Швейцарияға ресми сапары аясында қол жетті. Қасым-Жомарт Тоқаев бір күнде оншақты кездесу өткізді. Соңында Швейцария Президенті Ги Пармеленмен жүздесті.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Бұл маң - Женева қаласының ең ежелгі орталығы. Шаһардың дамып, өсіп-өркіндеу кезеңі осы жерден басталады. Ал мына шіркеу - ғасырлар бойғы сырды ішіне бүккен. ХІІІ ғасырда бой көтерген ғибадат орны секілді сәулет нысаны қазір жер жүзінде жоқтың қасы. Сонысымен құнды әрі қасиетті саналатын шіркеуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қабылдау рәсімі өтті.

Швейцария Еуроодаққа мүше емес. Конфедеративтік мемлекет. Президенттерін жыл сайын жаңадан сайлап отырады. Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі кешқұрым өтті. Жергілікті протокол талаптары солай. Сосын екі елдің әнұрандары орындалды. Президенттер Қазақстан мен Швейцария туына құрмет көрсетіп, сарбаздар қатарын бойлай жүрді.

Мемлекеттер басшылары шағын және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізді. Өзара сенім жағдайындағы жүздесуде Қазақстан мен Швейцария арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, қаржы салаларындағы көпжоспарлы ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.

Швейцария Еуропаның орталығында орналасқан мемлекет. Франция, Германия, Италиямен шекаралас жатыр. Теңізге шығатын жолы жоқ. Дей тұрғанмен, әлемдегі ең маңызды, саяси ұйымдардың бас кеңсе, штаб-пәтерлері осында орын тепкен. Екі ел басшылары Бреттон-Вуд институттары, халықаралық ұйымдар аясындағы өзара ықпалдастықты қарастырып, аймақтық күн тәртібіндегі мәселелерді, оның ішінде Ауғанстандағы жағдай мен осы елге гуманитарлық көмек көрсету мәселесін сөз етті.

Екі елдің байланысы бұдан да тереңдей түсуі тиіс. Женевада жергілікті бизнес қауымдастықпен кездескен Президент бірнеше жобаның қолға алынуына түрткі болды. Ги Пармелан да саяси және экономикалық байланыстардың оң қарқынын атап өтіп, екіжақты байланыстың барлық бағыты бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін білдірді.

Мейрам Пішембаев, Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы:

– Бұл жол құрылысы техникасын шығаратын компания. Оның ішінде, асфальт-бетон шығаратын жабдықтар, соның бәрін бізде локализация жасап, өзімізде өндіретін боламыз. Екінші мына Штадлер деген компания. Ол әлемдегі ең адам таситын вагондардың лидері. Сол жақсы шығарып жатыр. Ол біздің кәсіпкерлерге жақсы болады.

Швейцариялық вагон құрастыру зауыты елордада орналасады. Шетелдік капитал арқылы кәсіпорынның кең тынысы ашылып, қайта өркендеуі тиіс. Жобаны еліміз тарапынан Қазақстан темір жолы компаниясы қаржыландырады. Президент белгілі дипломат және саяхатшы Анри Мозердің бірегей экспонаттар топтамасын, қазақтың барқыттан жасалған тұскілемін тамашалады. Аталған жәдігерді қазақ сұлтаны Баймұхаммед XIX ғасырда швейцариялық дипломатқа тарту еткен. Қазір бұл бұйым екі елдің арасындағы өзіндік символ іспеттес. Қазақтың байырғы тұрмысын бейнелейтін музейде жүздеген жәдігер сақтаулы. Қасым-Жомарт Тоқаев құнды әрі ғылыми тұрғыда маңызды мұралардың Қазақстандағы көрмеге қойылатынына сенім білдірді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ербол Дайыров, Дулат Ентебеков, Алмас Омарғалиев