COVID-19 жаңа штамынан сақтану үшін Қазақстан бірқатар елмен әуе қатынасын шектейді

Коронавирус инфекциясының жаңа штамының пайда болуына орай елімізде 3 желтоқсаннан шектеу іс-шаралары күшейеді. Бұл туралы Үкімет отырысында мәлім болды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, коронавирустық инфекцияның «Омикрон» штамының жаңа нұсқасының пайда болуына байланысты оны ел аумағына әкелуге жол бермеу мақсатында ведомствоаралық комиссияда осы жылдың 3 желтоқсаннан бастап мынадай шектеу іс-шараларын енгізу туралы шешім қабылданды.

  1. Бірқатар Африка елдерінің азаматтарына Қазақстанға сапар шегуіне шектеу қойылмақ. Атап айтсақ, Оңтүстік Африка, Ботсвана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар және т.б. елдердің азаматтары үшін Қазақстанның шекарасы жабылады.
  1. Вирустың жаңа штаммынан сақтану мақсатында, «Омикрон» анықталған елдерден келетін азаматтардың вакцина алғанына қарамастан міндетті түрде ПТР тест анықтамасы талап етіледі. Бұл елдердің қатарында Израиль, Чехия, Нидерланд, Бельгия, Ұлбыритания, Италия, Германия, Австралия, Канада және Египет бар. Оған қоса, ведосмтвоаралық комиссияның шешімімен аталған елдерден ұшып келген азаматтар бұдан былай жеті күндік үй карантиніне жатқызылады.
  2. Коронавирустың омикрон штамының алдын алу үшін Египеттен келетін әуе рейстері уақытша тоқтатылады.

Айта кетейік, санитарлық-эпидемиологиялық комитетінің департаменттері шетелден келген азаматтар туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдарға уақтылы беруді, ал әкімдіктер бұл тұлғаларды емхана деңгейінде қашықтықтан бақылауды қамтамасыз етуі қажет.

Марат Шоранов, ҚР денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары

– Бұл бағыттағы турге жолдама алатындардың қатары қалың екенін жақсы білеміз. Қараша айында ғана екі арада 13 мың жолаушы сапарлатқан. Сәйкесінше инфекцияны әкелу қаупі жоғары. Вирус әлемнің бір түпкірінен екіншісіне 24 сағаттың ішінде таралады. Сол себепті шұғыл шара қолдану қажет.

Мәлім болғандай, қазіргі таңда Египетте 4 мыңға жуық қазақстандық жүр. Барлығы да AirAstana әуе компаниясының репатриациялық рейсімен елге қайтарылады. Бұл мақсатта 23 рейс жүзеге асырылмақ. Қазақстандық тур-операторлардың қауымдастығы демалыста жүрген азаматтарды барынша санитарлық талаптарды сақтауға үндейді. Ал Египетке жаңа жылдық тур сатып алған қазақстандықтардың демалыс бағытын өзгертуге мүмкіндігі бар. Сонымен бірге жол пұлының қаржысын әуе рейсі ашылғанға дейін сақтай алады немесе қаржысын 3 айдың ішінде толық қайтара алады.