Сирия келіссөздерінің алғашқы күні қандай мәселелер қаралды

Сириядағы қақтығыстың басталғанына 11 жыл болды. Қазіргі жағдай өте күрделі. Халық гуманитарлық көмекке мұқтаж, деп хабарлайды Хабар 24.

Ел ішіндегі тоқтаусыз қақтығыстан жұрт қайғы-қасіреттен көз аша алар емес. Мәселен, бір жарым ай бұрын Идлиб түбіндегі елдімекенге жасалған әуе соққысы салдарынан 5 бейбіт тұрғын опат болған. Оның үшеуі – бала. Бұдан бөлек, қыс келгелі шатырда тұратын миллиондаған адам аяздың азабын тартып отыр.  Халықтың 5-ақ  проценті ғана коронавирусқа қарсы екпе салдырған.

Айман Сусан, Сирияның сыртқы істер министрінің орынбасары:

– Біз Сириядағы қазіргі жағдай бойынша толық есеп бердік. Қазір ел аумағында бейбітшілік пен татулық орнатуға тырысып жатырмыз. Барлық қалада тұрақтылықтың болғанын қалаймыз. Әрине, экономикалық проблемаларымыз көп. Санкциялар да жоқ емес.

Сириядағы ахуалды реттеу үшін әлемнің бірқатар елдері күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау алаңдарын әзірледі. Қазақстан да қол ұшын созғандар қатарында. Алғаш рет бізде мұндай кездесу 2017 жылы өткен болатын. Бүгінде Сириядағы әскери қақтығысты реттеуге атсалысатын тараптар елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында бас қосты. Кепіл мемлекеттер болып танылған Түркия, Иран мен Ресей елдерінің өкілдері де жиынға қатысты. Таңертеңнен бастап жүргізілген келіссөздер аясында Сирияға гуманитарлық көмек көрсету, оның аумағы арқылы газ құбырларын өткізу сынды өзекті түйіткілдер сөз болды. Ең бастысы көптеген қақтығыстан кейін әлсіреген мемлекеттің қалпына келуі жөнінде көп айтылды.

Александр Лаврентьев РФ президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі:

– Сирия мемлекеті айтарлықтай құлдырады. Сарапшылар оның қалпына келуіне қанша қаражат кететініне байланысты түрлі болжам жасап жатыр. Кейбіреуі 600 миллиард доллар жеткілікті десе, басқасы ол сома 800 миллиардқа жетуі мүмкін дейді. Бірақ шын мәнісінде жұмсалатын қаржы көлемі одан да асып кете алады. Сирия үкіметі террористермен 11 жыл қатарынан күресіп келеді. Олардың қаржы ресурсы өте аз деп айтсақ болады. Сондықтан көмектесу керекпіз.

Қазір Сирияның солтүстігі мен солтүстік батыс өңірлерінде ахуал ушығып тұр. Ресей мен Түркияның әскерилері деэскалация аймақтарында кезек-кезекпен патрульдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұған дейін Түркия тарабы барынша жәрдемдесетінін жеткізген болатын. Әзірге барлық уәде толық орындалды деп айтуға болмайды. Бүгінгі кездесуден кейін бауырлас елдің өкілдері сұхбат беруден бас тартқанымен, жиын қорытындысы бойынша арнайы декларацияға қол қоймақ.

Али-Асгар Хаджи, Иран республикасы СІМ саяси мәселелері жөніндегі аға көмекшісі:

– Сирия процесі бойынша өтіп жатқан 17 раунд аясында біз Ресей, Сирия және Түркия елдерімен келіссөз жүргіздік. Түркия мемлекетімен бірге декларация әзірлеп жатырмыз. Ресей Федерациясы өкілдерімен кездесу кезінде біздің ахуалға қатысты көзқарасымыздың бір-біріне сәйкес келетінін байқадық.

Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған процестің алғашқы күні өз мәресіне жетті. Ертең де тараптар келіссөзді жалғастырады. Оның қорытындысы бойынша қатысушы мемлекеттер  Сириядағы ахуал бойынша мәмілеге келіп, маңызды шешім қабылдайтынына сенім мол.

Авторлары: Дариға Ташенова, Артур Горшняков