Алматыда бүлдіршіндерді ұрған балабақша тәрбиешісі өз-өзіне қол жұмсады

Алматыда бүлдіршіндерді ұрған балабақша тәрбиешісі өз-өзіне қол жұмсады. Бұл туралы ақпаратты қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратты.

Кеше жекеменшік балабақша тәрбиешісінің ерсі қылығы бейнеленген видео әлеуметтік желілерде тараған еді. Ата-аналар балалардың еріні жырылып, денесінде көгерген іздер қалғанын айтқан болатын. Артынша полиция сол оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Бүгін тәрбиешінің қол жұмсағаны анықталып отыр.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

- Алматы қалалық ПД 1979 жылы туған Б. есімді азаматшаның өзіне өзі қол жұмсағанын растайды. Қазіргі таңда Жетісу аудандық ПБ қызметкерлері ҚР ҚК 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.