Жаңажылдық дастархан: базардағы баға қандай?

Жаңажылдық дастарханға дайындалып жатқан астаналықтарға керек дерек. «Елорда ақпарат» қала базарларында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын салыстырыпты.

Мәліметке қарағанда бірінші сұрыпты бидай ұны «Шапағат» базарында – 245 теңге. Көк базарда – 280 теңге, «Әлем» базарында 312 теңге және «Астаналық» базарда 320 теңгеден екен. Сиыр етіне келер болсақ, ең арзаны көк базарда. Келісі 2300-ден. Ең қымбаты «Әлемде» – 2500 теңге. Қалған базарларда 2400 шамасында.

Өндіріссіз экономика өрлемейді

Биыл 11 айда елдің жалпы ішкі өнім көрсеткіші 3,8 процент болды. Яғни пандемиядан кейін тұралап қалған экономиканың тамырына қайта қан жүгіріп, тіршілік қалыпқа келе бастады. Қазақстан пандемия салдарынан пайда болған дағдарысты еңсерді. Қазір ел экономикасы коронавирус таралмай тұрған кезеңдегі қалыпқа келді. Десе де қызмет көрсету, туризм, қонақ үй, мейрамхана және әуе қатынасы саласы әлі де толық қуатқа шыға алмай келеді. Ол үшін іскерлік белсенділік арта түсуі тиіс. Яғни Қазақстан сынды дамушы елдерде жалпы ішкі өнім көрсеткіші 5 проценттен төмен болмауы керек. Экономикалық сарапшы Мақсат Халықтың айтуынша, дамыған елдерде 2-3 проценттік өсім жақсы көрсеткіш деп есептеледі. Ал бізде дағдарыстан шықтық деп қуану әлі ерте. Себебі өсімге өндірістің артуы емес, тауар мен қызмет ақысының көтерілуі тікелей әсер етті.

Мақсат Халық, экономикалық сарапшы:

- Өткен жылда бізде минус 2,6 пайыз болған болатын. Яғни минус 2,6 пайызға құлдыраған. Ондай минус көрсеткіш соңғы 22 жылда экономикамызда болмаған. Қазір оң көрсеткішке қайтадан шықтық. 3,5 пайыздан асты. Бірақ өткен жылғы минус көрсеткішті алып тастайтын болсақ, онда бір пайыздық өсім болады. Бірақ экономикада бір пайыздық өсімді өсім деп қабылдамайды. Ол нөл деп есептеледі.

Биыл бір жылда ел нарығындағы ақша айналымы 28 триллион теңгеден асып кетті. Яғни ақша массасы былтырмен салыстырғанда 4 триллион теңгеге көп. Қаржының көп болғаны жақсы әрине. Бірақ тым көп болса құны кетеді. Яғни инфляция болады. Ұлттық банктің мәліметі бойынша Қазақстанда жылдық инфляция 8,7 процент болып тұр. Оның өсіміне осы ақша массасының көп болуы, сонымен қатар зейнетақы қорынан қаржыны алуға рұқсат беру де өзіндік әсерін тигізді. Бұған қоса импорттық инфляция бар. Сарапшылардың айтуынша, инфляцияны тежеу үшін базалық ставканы көтеру ел экономикасын жақсартпайды. Керісінше іскерлік белсенділікке кесірін тигізеді. Сондықтан кәсіпорындарға қолдау жасап, өндірісті арттыру керек.

Мақсат Халық, экономикалық сарапшы:

- Кейде қатты асыра сілтеп мақтанып қоямыз. Отандық өндірушілермен өзімізді 70 пайызға дейін қамтамасыз етеміз. Әрбір үйді тұрғызған кезде деген сөздер болған. Бірақ оның бәрі далада қалды. Тіпті 50 пайызын да құрай алмай қалдық. Бәрін шетелден әкеп, құрап жатырмыз. Бізде өзімізде ондай тауарлар өндірілмейінше, бізде инфляция төмендемейді. Одан кейін ақша массасын реттеуге байланысты Ұлттық банк өзінің жұмыстарын жүргізу керек. Базалық пайыздық мөлшерлемені алдағы уақытта ақырын ақырын түсіру керек.

Мұнай қымбаттады

Әлемде мұнай қымбаттады. Кеше Лондонның ICE биржасында ақпан айында жеткізілетін Брент маркалы мұнайдың баррелі 80 долларға саудаланды. Ал WTI маркасы 77 доллардан асты. Бағаның өсуіне АҚШ-тың коммерциялық қорындағы қара алтынның азаюы әсер еткен. Бір аптада бөшкелердегі мұнай 3,6 миллион кеміді. Яғни инвесторлардың болжамынан асып кетті. Бұған қоса коронавирустың омикрон штаммы шектеулерді күшейтуі мүмкін деген болжам қазір аса қауіпті емес. Сондықтан брокерлер сенімді қимылдай бастады. Енді қара алтын бағасына ОПЕК+ ұйымының шешімі әсер етуі мүмкін. Дәстүрлі басқосу 4 қаңтарда өтеді деп жоспарланған.