Маңғыстау облысында газдың литрі 50 теңге болады

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Ақтаудағы Ынтымақ алаңына жиналған жұртқа мәлімдеді.

Сонымен қатар алаңда болған белсенді азаматтарды жауапкершілікке тартпауға кепілдік берілді. Бұған дейін Үкіметтік комиссия мүшелері жаңаөзендік белсенді бастамашыл топпен келіссөз жүргізген еді. Кездесуде өзекті мәселелер, соның ішінде сұйытылған газ бағасын төмендету туралы айтылды. Қатысушылар жағдайды реттеу мүмкіндігін талқылады. Бастамашыл топ көгілдір отынның бағасын төмендетуді талап етті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған үкіметтік комиссияға Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жетекшілік етті. Комиссия құрамында Президент әкімшілігінің, Энергетика министрлігінің, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, жергілікті атқарушы органдардың, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының өкілдері және басқа да мүдделі тараптар кірді.