Елдегі эпидахуал көңіл көншітпейді

Елде коронавирус белең алды. Кешелі бері 11 мыңнан аса адам ауру жұқтырды. Эпидахуал елордада ушығып тұр. Бір тәулікте ел астанасында 4 мың 639 адам індетке шалдыққан. Жалпы ел бойынша Түркістан облысы ғана "сары аймақта" қалды. Қалған өңірлер түгел қызыл аймаққа енген.

Қазір елде коронавирусқа шалдыққандар саны 77 мыңнан асып кетті. Олардың 7 мыңға жуығы ауруханаға түсті. 52 науқас өкпені желдету аппаратына қосылған. Қалғаны үйлерінде емделіп жатыр. Атырау облысында кейінгі бір тәулікте 600-ге жуық адамның ауру жұқтырғаны анықталды. Теңіз кенішінде 400-ге жуық жұмысшы инфекциялық стационарға жатқызылды. Қазір кен орынында 1200 қосымша төсекорын дайын тұр. Облыстық инфекциялық ауруханада 130 кереует жасақталған. Ал шаһардағы 200 орындық модульдік ауруханада қазір мүлде орын жоқ.

Ербол Меңдіғалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Соңғы 10 күнде науқастар саны 5 есеге көбейіп отыр. Бүгінгі күндегі койка жүктемесі 19 процентті құрап отыр. Қазіргі кезде теміржол больницаға және туберкулез ауруханасына қарасты КВИ стационары ашылды, 100 орын. Соған салынып жатыр. Облыстық аурухана мен кардиологиялық ауруханаға науқастар салынған жоқ.

Маңғыстауда науқастар арасында 25 оқушы мен 14 мұғалім бар. Қазір олар үйлерінде оқшауланды. Жалпы осы уақытқа дейін облыста барлығы 117 сынып карантинге жабылып, 14 күндік  карантиннен өткен. Қазір карантинде сынып жоқ. Маңғыстау облысы бойынша 148 білім беру ұйымы бар. Оқушы саны 167650. Бас санитардың жаңа қаулысына сәйкес, 600-ден астам оқушысы бар мектептер жаңа тоқсаннан бастап қашықтан оқыту форматына ауысты. Қазір 47 мың бала офлайн оқи бастады.

Светлана Төлебаева, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Санитарлық дәрігерлердің ауру деңгейінің өсуіне байланысты осы тоқсанда қалалық мектептерде уақытша онлайн және офлайн оқыту форматтары енгізілді. Штаттық режимде оқытатын білім беру ұйымдарында санитарлық құрал-жабдық жеткілікті, сынып бөлмелері уақытылы дезинфекцияланып, желдетіліп отырады. Асханаларда оқушылардың топтасуын болдырмау үшін мектеп басшыларына асханаға бару кестесін жасақтау тапсырылды. Қашықтан оқитын мектептер Daryn.online, Bilmland, Online.mektep  білім беру платформаларын пайдаланатын болады.

Елордада ахуал нашарлағандықтан ауруханаларда инфекциялық орын саны шамамен екі есеге көбейтілді. Жүкті әйелдер мен балалар үшін бөлек корпустар жасақталған. Қазір мұнда 345 болашақ ана мен 188 бүлдіршін ем қабылдап жатыр. Әзірге жергілікті медициналық мекемелерде 866 орын бос тұр. Ал емханалардағы фильтр кабинеттері мен мобильді бригадалар науқастарға тәулік бойы қызмет көрсету режиміне көшті. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға коронавирусқа қарсы вакцина алу қажет екенін ескертіп отыр. Бүгінде 9 миллионнан астам адам екпенің бірінші компонентін салдырды. 8 миллион 600 мың адам 2-дозасын қабылдап үлгірді.

«Хабар 24» арнасының аймақтардағы тілшілерінің көмегімен Дариға Ташенова