Президент: Қазақстанда тапқан қаржы осы жерде қалуы керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін еліміздегі ірі бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесті. Президент кәсіпкерлерге ел алдындағы жауапкершілікті күшейту қажеттігін айтты. Егер де Қазақстанда жұмыс істеуге мүдделі болсаңыздар, онда сәйкесінше табысты осы елде жұмсауға тиіссіздер, – деді Президент.

Елде жүргізілетін экономикалық реформалар тартып алып, үлестіріп беруді мақсат етпейді. Басты міндет – ірі кәсіпкерлерді әлеуметтік-экономикалық трансформацияға белсенді қатысуға шақыру. Мемлекеттің өркендеп өсуі елдегі кәсіпкерлік саланың дамуына тікелей байланысты. Сондықтан Қазақстан ел экономикасын дамытуға қаржы құйған инвесторлардың алдындағы міндетін толық орындайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі ірі кәсіпкерлік қауымдастық өкілдерімен кездесуі барысында айтты. Қазір шет елдік инвестор үшін талас өте жоғары. Сондықтан отандық кәсіпкерлерге арқа сүйеу маңызды. Осы тұста Президент болашағын Қазақстанмен байланыстыратын кәсіпкер қаржысын шет ел асырмай, жергілікті нарыққа қайта құюы тиіс деді. Бұл кәсіпкерлердің жергілікті халық алдындағы әлеуметтік саяси борышы екенін атап өтті. Бұған қоса, Қазақстанда тапқан ақшаны шет елде жарату принципі жүзеге аспайтынын айтты. Оны тоқтату үшін шет елдегі Қазақстандық кәсіпкерлердің қаржысын қайтару және сыртқа офшорлық шоттарға қаржы шығару жолдарын жабу бойынша жұмыстар жүргізілетінін айтты.