Билік пен бизнес болашақ үшін бірігуі керек – Президент

Біздің алдымызда бүкіл қоғамның тыныс-тіршілігін түбегейлі трансформациялау міндеті тұр. Сондықтан бұл ретте бірігуді ұсынамын. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесіп, осылай деп мәлімдеді. Президент билік пен бизнестің бірігіп жұмыс істеуі үшін қажет алғышарттарды да атап көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның сөзінше енді салықтан жалтаратындармен күрес күшеймек. Сондай-ақ қаражаттың офшорларға кетуіне тосқауыл қоюды тапсырды. Президенттің пайымынша, елде тапқан табыс, ел ішінде қалуы тиіс.

Бұл отырғандар қазақ экономикасының алыптары. Олардың басын бұлай бір жерге жинау мүмкін еместей көрінген. Тіпті, билік пен бизнестің дәл бұлай бетпе-бет келіп сөйлескенін біз бұрын көрмеппіз. Бірақ қазір бірігу керек, кезі келді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Парақты аударып, жаңа Қазақстанның негізіне айналуы тиісті жаңа экономикалық саясат қалыптастыруда бірлескен жұмысты бастау қажет. Әлеуметтік-экономикалық реформаларды табысты жүзеге асыруға дәл осы ірі бизнес, біздің буржуазия мүдделі екендігіне түбегейлі сенімдімін.

Осы күнге дейін мемлекет бизнесті барынша қолдап келді, осылайша олар қор мен қоң жинады. Бүгінде ұлттық табыстың үлкен үлесі, нақтыласақ 60% астамы осы отырғандардың уысында. Уысты ашатын уақыт келді, деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 2020 жылғы ұлттық табыс құрылымында бизнестің табысы 61,5% жетті. Салықтардың үлесі небәрі 7,3%, ал қазақстандықтардың жалақысының үлесі үштен бірге де жетпейді – 31 процент. Бұл өте аз. Мысалы, Ресейдің экономикалық құрылымы бізге ұқсас болғанымен, еңбекақының ұлттық табыстағы үлесі 46,7% болып отыр. Яғни біздікінен 1,5 есе көп. Халықаралық сарапшылар, Қазақстанның әл-ауқатының жартысына бар-жоғы 162 адамның иелік етіп отырғанын мәлімдеді. Ал халықтың жартысының ай сайынғы табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл жылдық табысы 1300 доллардан әрең асады деген сөз. Мұндай ақшаға, әрине, өмір сүру мүмкін емес.

Бұлай жалғаса да беруі мүмкін емес, деп жалғады сөзін Президент. Алматыдағы аласапыраннан зардап шекпеген бизнес аз, ал оның түп-төркіні осы әлеуметтік теңсіздікте жатқанын әлеуматтанушылар айтып жүр. Біздің бизнес әлеуметтік жауапкершілікті сезбейді, сезінбейді. Бір ғана мысал. Маман жоқ дейді, сосын шеттен әкеледі. Бүгін Президент оларды колледждерді қамқорлыққа алуды шақырды. Білім дегеннен шығады, бүгін Президент елдегі білім беру саласын қайта құрғысы келетін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен жалпы елдің білім беру саласын қайта құрғым келеді. Біз экономистерді, заңгерлерді, менеджерлер мен тағы басқаларын тым көп шығарамыз. Бізге қазір білімді техникалық бағытқа бұру қажет. Біз «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлаймыз. Жастарымызды оқуға, соның ішінде Ресейге жібереміз. Бәлкім, бірінші кезекте Ресейдің танымал техникалық оқу орындарына жіберетін шығармыз. Қазақ жастары технарь болуға тиіс. Менің пікірім осындай. Үкімет бұл мәселелерді егжей-тегжей пысықтауы керек. Егер әр қаржылық өнеркәсіп тобы заманауи зауыт тұрғызып, ауылдардан, елді мекендер мен ірі қалалардан шыққан 1 мың қарапайым баланы оқытса, оларға адал әрі жақсы табыс табуға мүмкіндік берсе, бұл әлеуметтік тұрақтылықтың нағыз кепілі.

Кәсіп аш, табыс тап. Бірақ, сол табысың қыр аспауы керек, осында жарат.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Егер сіздер болашақтарыңызды Қазақстанмен байланыстыратын болсаңыздар, онда қаражаттарыңызды өз елімізге салыңыздар. Бұл сіздердің Қазақстан алдындағы әлеуметтік және саяси жауапкершіліктеріңіз. «Мұнда табыс табамыз, ал басқа жерде жұмсаймыз» деген қағидатқа жол берілмейді. Сондықтан жұмыс екі бағытта жүргізіледі: капиталды елге қайтарғаны үшін ынталандыру және қаражаттың офшорларға кетуіне жол бермейтін тосқауылдар қою.

Салыққа салғырт қарауға болмайды. Президент айтқан тағы бір мәселе осы. 2020 жылы мемлекеттік бюджеттің кірісі 34,6 млрд доллар болған. Бұл жалпы ішкі өнімнің – 20%. Бұл біз үшін өте аз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде мемлекеттік бюджеттің кірісі 40-50 процентке дейін жетеді. Тіпті, біздің жақын көршілеріміздің өзінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Мәселен, Украинада — 31%, Ресейде — 35,4%, Қырғызстанда — 31%. Соңғы 10 жылда елдің ІЖӨ-дегі салықтың үлесі 9,9 проценттен, 7,3 процентке төмендеп кеткен. Міне, сол себепті Ұлттық қордан бөлінетін трансфер де тым көбейіп кетті. 2019 жылдан 2021 жылға дейін 12 трлн теңге, яғни 30 млрд долларға жуық қаржы жұмсалған.

Бүгін Президент отырғандарға ескертті, кім салықтан жалтарады, аяушылық танытпаймыз. Сатып алу секторын сауықтыру. Біз жиі айтатын, бірақ шеше алмай келе жатқан тағы бір күрделі проблема осы. Сатып алулар туралы сөз қозғағанда әңгіменің бір ұшы тағы сол - «Самұрық-Қазынаға» келіп тиеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сатып алулар жүйесі тиімсіз. Еңбек жанжалдары басылмайды, шығындары көп. Ауқымды жобалар аяғына дейін жеткізілмейді. Қорға тым көп ақша кетеді. Мұның бәрі қоғамның ашуына тиеді. Осы уақытқа дейін нақты мұнай-химия саласын жасай алмағанымыз да жасырын емес. Біз сонау кеңестік заманда салынған зауыттарды жөндеп отырамыз. Қорға түбегейлі реформа жасауды тапсырамын. Ол жайында Алмасадам Сатқалиевпен сөйлестік. Реформалау міндетін орындай алмаса, кетеді, онымен бірге қор да ғайып болады.

Президент қордың жұмысын реттеуге бір ай уақыт берді. Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қорын құру туралы бастамасын қолдап, қаржы аударған бизнес өкілдеріне алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мұның бюджет қоры емес, Қазақстан халқының қоры екенін тағы да қайталап айтамын. Сондықтан оның жұмысы ұзақ бюрократиялық рәсімдерсіз атқарылуы тиіс және батыл шешімдер қабылдануы керек. Көмек нақты, шұғыл және атаулы болуға тиіс. Ірі компаниялардың бәрі жыл сайын табыс салығының Үкімет белгілеген бөлігін пайдалы әрі қайырымдылық істермен айналысатын Қорға аударып тұрады. Бизнес-қоғамдастық бұл бастаманы шынайы түрде қолдайды және жобаларды жүзеге асыруда Қорға көмектеседі деп үміттенемін.

Бұл ретте Тоқаев түсіндіре кетті, жалпы елде жүргізіліп жатқан реформалардың көздегені - тартып алып, таратып беру емес, бизнесті елдің бүгіні мен болашағына белсене араластыру, мемлекеттің қызығушылығын қорғау. Және бұл ретте президент өзінің ұстанымын да жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Платон менің досым, бірақ шындық қымбатырақ» деген формула менің ұстанымыма сәйкес келеді. Бұл барлық мәселеге қатысты. Мен үшін мемлекеттің мүддесі біреумен жақсы қарым-қатынастан да жоғары. Егер мемлекет үшін қажет болса, мен дайынмын. Мен өте қиын шешімдер қабылдадым. Мұндай шешімдерді мен болашақта да қабылдайтын боламын.

Билік пен бизнес бірігіп, жаңа Қазақстанды құруға тиіс. Тоқаев айтқан тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осы. Президент бизнесмендерге бүгін жиі жолығып тұрайық деп ұсыныс тастады, Тоқаевтың бұл ұсынысынан ешкім бас тарта да алмайтын секілді.

Гүлжан Марқабаева, Алмас Омарғалиев, Айдос Ентебеков