Жемқорлықты жеңуге жұрт болып жұмылу керек – Президент

Бұдан былай жоғары лауазымды тұлғаларды қызметке тағайындағанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қорытынды анықтамасын міндетті түрде талап ету қажет. Сондай-ақ жекеменшік-әріптестік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейтіп, осы бағытты реттейтін заңды түбегейлі өзгерту қажет.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиында мемлекет парақорлармен ымырасыз күрес жүргізетінін айтты. 

Заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін ең алдымен, жемқорлық тамырына балта шабу керек. Президент жиындағы сөзін осылай бастады. Бұл әрине белгілі қағида. Бірақ бізде көптен бері жүзеге аспай келеді. Жемқорлықты жою үшін мемлекет қаншама қаржы бөлді, нақты қадамдар жасап, жазаны қатаңдатты. Десе де, алтын көрсе ар мен ұятты ысырып, ала жіпті аттайтындар әлі азаяр емес. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға  қатаң жаза қолданылатын болды. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен, түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде.

Расында жең ұшынан жалғасқан жемқорлық елдің дамуын тежеп, жұртты қажытты. Мұны жойып, сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа тұжырымдама әзірленді. Құжатқа сәйкес, негізсіз аяқасты байығандар қаржыны қайдан алғанына жауап береді. Бұл коррупция ғана емес, көлеңкелі бизнеспен айналысатындардың жолын кеседі.

Марат Ахметжанов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

- Қазір барлық назар жемқорлыққа қатысы бар адамды тергеуге аударылады. Жұмыс нәтижесі де қанша адам ұсталды, қанша іс сотқа жіберілді деген көрсеткіштер бойынша бағаланады. Яғни көрсеткіш жақсы болуы үшін іс көп тергелмей сотқа жіберіледі. Ал жымқырылған қаржы іздеусіз қалады. Сондықтан біз күдіктіні тергеу бөлек, қаржының қайда кеткенін тергеу бөлек жүргізуге ниеттіміз. Бұған қатысты заң жобасы дайын.

Бұған қоса министрліктер мен әкімдіктердің бюджетті игеру және тұрғын үйлерді уақытылы тапсыру сынды міндеттеріне кезең-кезеңімен өзгеріс енгізіледі. Яғни жоспарлы жүйеден жобалық қаржыландыруға басымдық беріледі. Сонда құрылыс барысы қаржыны игеру мерзіміне байланбай, сапа мен нәтижеге мән беріп жұмыс істейді. Бұған қоса әрбір тиынның жаратылу мақсатын тексеру үшін қоғамдық бақылаушыларға мүмкіндік берілмек. Тұжырымдамада адал кәсіпкерлерге де жағдай жасау көзделген.

Марат Ахметжанов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

- Қазір мемлекет кәсіпкерлерге салықтық жеңілдік жасау, тексеріске мораторий жариялау, субсидия беру тағы басқа түрлі қолдау жасап келеді. Бірақ ол барлығына бірдей қолжетімді емес. Кейбір кәсіпкерлер түрлі айла-амалды пайдаланып, осының бәрін өз пайдасына жаратады. Ал адал кәсіпкер бәрінен қағылады. Осылайша әділ бәскелестік болмайды. Сондықтан тұжырымдамада әділ кәсіпкелерге ғана қолдау беру жүйесі қарастырылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұжырымдама жобасында өте өзекті мәселелер қарастырылғанын атап өтті. Және қолдайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекеттік қызметшілердің жылжымайтын мүлік, автокөлік және басқа да қымбат дүниелер сатып алуы қатаң бақылауға алынады. Сонымен қатар шенеуніктердің адалдығын тексеруге арналған интегрити чек әдісін атап өтуге болады.  

Алайда құжатты дайындау кезінде қоғамның пікірін тыңдау маңызды екенін ескертті. Осы тұста Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Бәшімов қоғамдық бақылауды кеңейтуді және мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуді ұсынды.

Марат Бәшімов, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

- Кадр мәселесінде адамның моральдық тұрғыдан таза болуы керек екеніне баса мән берілгенін қалаймын. Оның сыбайлас жемқорлыққа қандай да бір қатысы бар деген сыбыс мүлде болмауы қажет. Кейде қарайсың, оқисың: әкімдер әлдебір мемлекеттік сатып алуларды қайталайды, бір қызметтен екінші қызметке ауысады. Мұны жұртшылық ауыр қабылдайды. Барлық мемлекеттік орган және жұртшылық әрдайым бірге күш жұмылдыра отырып, сыбайлас жемқорлықпен күресуге және өскелең ұрпақтың тәрбиесіне атсалысуы тиіс. 

Осы ұсынысқа қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындаған кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қорытынды анықтамасын міндетті түрде талап ету қажеттігін айтты. Сондай-ақ  жемқорлықпен күресте құқық қорғау органдарының маңыздылығына тоқталды. Осы тұста жемқорды ұстап қамау ғана емес,  себептерін, схемаларын анықтауға мән беру керектігін ескертті. Мәселен, кейінгі бес жылда шаруаларды қолдау үшін мемлекеттен 2 триллион теңге бөлінді. Осы уақыт ішінде салада ауылға берілген қаржыны қалтаға баспақ болғандарға қатысты 960  қылмыстық іс тіркелді. 450 адам қылмыстық жауапқа тартылды. Ең сорақысы, жауапсыз жемқорлық кесірінен елдің  азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық жүйелер мен деректер базасының жұмысына қатысты мәселелерге арнайы тоқталды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне мемлекеттік құрылымдар әзірлеген барлық ақпараттық жүйеге тексеру жүргізу тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Олар қандай міндеттер орындайды, оларға кімнің қолы жетімді, қанша қаржы жұмсалды, азаматтар мен мемлекетке одан қандай пайда бар? Цифрландыру жөніндегі жұмыстардың басымдықтары нақты жүйеленуі керек. Мемлекет қызмет түрлерін алуды шынайы түрде жеңілдететін «Электронды үкімет» немесе жүргізушілердің жол жүру тәртібін күшейткен және жол ережелерінің бұзылуын тіркеуде адами факторды алмастырған «Сергек» сияқты жобалар болса, онда жөн. Сонымен қатар егер цифрландыру деген желеумен бюджеттен қаржы жұмсалып, кейін  ешкімге қажеті жоқ ресурстарға көрсетілген қызмет үшін біреулер миллиондап алатын болса, онда әңгіме басқа.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың тұтас жүйесін қайта қарауды тапсырды. Президент мемлекеттік сатып алуларға беделі бар, тиісті техникасы бар, білікті жұмысшылары бар, салықты уақытылы төлейтін өндірушілер қатысуы керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір сыбайлас жемқорлықты нақты жоюдың орнына процесті бюрократияландыру жүріп жатқанын көріп отырмыз. Тапсырысты орындаушыны таңдауға бірнеше ай кетеді, бірақ бәрібір сапа мен адалдық жетіспейді. Қолданыста бар нормативтік сүзгілерге қарамастан қандай тендер болсын оны кім жеңетіні көбіне белгілі болып тұрады. Мәселен, екі жылда «Қазавтожол» техникалық қадағалау қызметі 99 сатып алу конкурсын өткізген. Олардың тең жартысын үлестікке қатысы бары айқын төрт компания жеңіп алған. Ал елімізде аккредитациядан өткен екі мыңнан астам ұйым мен сертификатталған алты мыңнан астам сарапшы бар. Сондықтан халықаралық деңгейдегі компаниялардың мемлекеттік сатып алуларға сирек қатысатынына таңқалуға болмайды.

Кеден, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы  жемқорлықпен күрес те барынша күшеюі керек. Осы бағытта жауапты министрліктерге бірінші тоқсанның соңына дейін  жемқорлықты жүйелі негізде жою жөнінде жоспар әзірлеуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Барлық іс-шараны  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен келісу қажет. Құзырлы органдардағы бірінші басшылардың жұмысын жемқорлықпен күрес көрсеткіші арқылы да бағалайтын боламын.

Президент мемлекет белгілейтін бағаларды реттеу кезіндегі жемқорлықты түбегейлі жою мәселесіне ерекше назар аударды. Тиісті уәкілетті органдар бағаны белгілеген кезде оның қаншалықты негізді екенін мұқият қарап, мұның астарында  экономикалық себептен бөлек біреудің жіміскі әрекеті бары-жоғын тексеру керек деді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мысалы, отандық өнім өндірушілер темір жол саласын жемқорлық жайлағанын айтып, үнемі шағымданады. Кәсіпкерлер нақты бір нысанға апаратын темір жолды пайдаланғаны үшін төлейтін ақының көлеміне байланысты наразылық білдіруде. Осыған орай бір уақытта бірнеше өңірден – Қостанай, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола және Павлодар облыстарынан арыз түскен. Монополист компаниялар бағаны өз бетімен еселеп өсірген. Бұл халық тұтынатын тауарлардың бағасына бірден әсер етеді.

Презмидент үкімет мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейтіп, нәтижесі бойынша заңды түбегейлі жаңарту мәселесін қарастыруға тиіс деді. Бұған қоса салық және кеден саласы арнайы сөз болды. Бұл бағыт бұған дейін де бірнеше рет айтылған еді. Өйткені көлеңкелі айналмының ауқымы үлкен. Қазір Қаржы министрлігі ақпараттық базаларды біріктіріп жатыр. Қылмыстық топтармен күрес те күшейген. Десе де, осының өзі аздық етуде. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қытаймен өзара сауда-саттық туралы екі елдің статистикалық мәліметтері екі түрлі. Олардың арасында миллиардтаған доллар айырмашылық бар. Былтыр бұл көрсеткіш 5,7 миллиард долларға жетті. Мұндай үлкен айырмашылық қалай пайда болғанын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Ашығын айтқанда, бұл контрабанда.

Жалпы Қазақстан географиялық тұрғыда ұтымды жерде орналасқан. Егер оны тиімді пайдалансақ түсетін табыс ұлттық экономиканың маңызды салаларынан кем болмайды. Бірақ кеден және көліктік бақылау саласындағы парақорлық транзиттік әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр деді президент. Сондықтан жемқорлықпен күреске бүкіл жұрт жұмылуы керек.. «Жемқорлық – індет, онымен күресу міндет» деген қағида әрбіріміздің санамызда болуы тиіс. 

Талғатбек Әбдіқожа