Бейжің олимпиадасының ресми ашылу салтанаты басталды

Күллі жаһан көз тіккен Бейжің олимпиадасының ресми ашылу салтанаты басталды.

Оны «Хабар» және EL ARNA арналарының эфирінде көрсетіп жатыр. Құрметті қонақтар арасында Бейжіңге ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің арнайы шақыртуымен барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бар.

Салтанатты іс-шара барысында Қазақстанның көк байрағын шорт-трекші, Қазақстан командасының көшбаcшысы, әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы әрі жүлдегері Абзал Әжіғалиев пен конькиден төрт құрлық чемпионы Екатерина Айдова көтеріп шығады.

Биылғы олимпиадада ел намысын барлығы 34 спортшы қорғайды. Жалпы қазақстандық спортшылар 87 жолдама жеңіп алған.

Бейжіңдегі дүбірлі додада 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ақ олимпиадада әлемнің түкпір-түкпірінен 4 мыңнан астам спортшы бағын сынамақ.