Президент: Әлеуметтік жағдай жақсарғанда ғана ел экономикасы дамып жатыр деуге болады

Президент шетелдік инвесторлар кеңесінің кезектен тыс жиынын өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік қаржыгерлерге қысым көрсетіп, жұмыс істетпей отырған дөкейлердің барын айтты. Түрлі сылтау айтып, шетелдік компанияларды қанауға көшкендері де бар көрінеді. Сосын сан саланы билеп төстеп алған «Самұрық-Қазынаны» тағы сынап тастады. Жиында тағы қандай мәселелер айтылды?

Қаңтардағы қырғын Қазақстанның беделін бұзды. Төрткүл дүние «бейбіт ел», «тұрақтылықты ту еткен мемлекет» деп танып еді. Кенет бәрі астаң-кестең болды. Шатақ шыққанда шетелдік қаржыгерлердің де шекесі шып-шып терлегені анық ғой.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ел Президенті ретінде шетелдік инвесторлар үшін «ашық есік» саясаты біздің стратегиялық басымдығымыз болып қала беретінін айтқым келеді. Мемлекет серіктестер мен инвесторлар алдындағы міндеттемелері мен кепілдіктерін толық орындайды. Қаңтар дағдарысы нарықтық экономикаға, заң үстемдігіне, халықаралық және ішкі міндеттемелерді сақтауға деген бейілдігімізге еш әсер еткен жоқ. Керісінше бұл одан әрі жетілдіруге тың серпін берді.

Тоқырау жылдары қалай тоқ шығып едік?! Сырттан қаражат тартып, адымды алшаң басқанбыз. Қазір де солай боғалы тұр. Бірақ бұрынғыдай сұлу сандарды сөйлетіп, жалған есепті шүпірлетіп тізіп қоятын дәурен өткен. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Экономикалық реформа халықтың тұрмысын тіктеу үшін қажет. Осы күннен бастап өтірік есеп-қисап беруді, әлемдік рейтингте жоғарыладық дейтін жалаң сөз айтуды доғару керек. Елдің экономикасы халықтың тұрмыс жағдайымен өлшенуі керек. Әлеуметтік жағдай жақсарған кезде ғана елдің экономикасы дамып жатыр деп айтуға болады.     

Өндірістің өзегін талдырмай тұрған осы инвесторлар. Былтыр 44 жоба жүзеге асырды. Жалпы құны 3,6 млрд теңгеге жуықтайды. Кен байыту фабрикасын салды, цемент шығаратын зауытты іске қосты, күн мен желден қуат алатын қондырғыларды орнатты. Осының барлығына қомақты қаржы жұмсады. Олар сенді, әділ сот жүйесі барына шүбә келтірмеді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мықты экономика мен жайлы бизнес орта қалыптастыру үшін әділ сот жүйесі болуы керек. Елде бұл саланы реформалау жалғасып жатыр. Судьялар корпусы жаңаруда. Шетелдік инвесторлардың құқығын қорғайтын тәуелсіз судьялар тобы жасақталған. Халықаралық арбитраж бар. 

Кең көсілейін десе, шылбыр тастап, шідерлеп қоятындар бар ғой бізде. Қай саланы қарасаң да әйтеуір билеп төстеп алған. Бәсекелес болғандардың жолын бөгеп жатады. Мұндайды көрген инвестор Қазақстанға жоласын ба?!

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– «Самұрық-Қазына» қорын түбегейлі қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Әкімшілік ресурстардың есебінен тапсырыс алған компаниялар өздерінің артықшылықтары мен келісім-шарттарынан айрылуда. Қордың инвестициялық жобаларының топтамасы шамамен 3,5 триллион теңге. Бұдан былай барлық жобалар ашық әрі конкурс негізінде халықаралық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылатын болады. Егер олай болмай жатса, бірден маған тікелей хабарлаңыздар. Өйткені бұл менің президенттік қызметімдегі аса маңызды іс.

Қаржыгерлерді қазір тау-кен өндірісі ғана қызықтырып тұрғандай. Көп қаржыны сонда құяды. Ал ауыл шаруашылығы, туризм, өңдеу өнеркәсібі қағажу қалып жатыр. Тіпті, көлік логистика саласын айтқанда,  шетелдіктердің тартынып қалатыны тағы бар. Бірақ мұнда мол мүмкіндік барын Президент еске салды.   

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүгінде Қытай – Еуропа дәлізі бойынша құрлық транзиттік тасымалдың 83 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Жақында «Достық – Мойынты» аса ауқымды теміржол жобасы жүзеге асырылады. Бұл өткізу әлеуетін 5 есе арттыруға мүмкіндік береді. «Дарбаза – Мақтарал» жаңа теміржол бағыты Орталық Азиядан Ресейге, одан әрі Еуропаға шығатын транзиттік тасымалдың дамуына ықпал етеді. «Түркістан – Шымкент – Ташкент» жоғары жылдамдықты теміржол магистралін салу жоспарланып отыр.

Қара алтынды қазір шетелдік компаниялардың өндіріп жатқанын білеміз. Бірақ қойнауда әлі тонналаған мұнай қоры бар. Соларды игеруге алпауыт компаниялардың мүдделі екені осы жиында байқалды.

- Мұнай-газ секторын дамытуға дайын отырған компанияларға мемлекет тарапынан жеңілдіктер жасала ма?

- Қазақстанда мұнай өндіретін үш бірдей кен орны бар. Олардың әлеуеті жоғары. Солардың мүмкіндігін толық пайдалануды көзделген. Одан басқа да кен орындарын игеру қажет. Барлау жұмыстарымен айналысатын, жаңа технология енгізуге дайын компанияларға салықтық жеңілдіктер жасалады.

Қазақстан энергетикалық әлеуетті арттыруға, атом энергетикасын дамытуға мүдделі болып отыр. Осыған қызыққан инвесторлар болса, қоян-қолтық қызмет қылуға әзір.

- Мемлекеттік сатып алу ісінде шикілік бары байқалған. Әсіресе, энергетикалық секторда. Аукцион өткізу тәртібін өзгерту жоспарда бар ма?

- 2035 жылға қарай біз қосымша 17 жарым гиговат қуат өндіруді көздеп отырмыз. Ол үшін су және атом энергетикасы саласында бірқатар жоба жүзеге асады. Солардың дені - «Самұрық-қазынаға» тиесілі. Осыған дейін байқау өткізу тәртібінде бірқатар кемшілік болғаны айтылды. Сол себепті біз қорды қазір реформалап жатырмыз. Барлығы енді ашық өтеді. 

Осылай құлшынған инвесторлардың меселін қайтаратын бюрократтар бар бізде. Бір-екі айда қарай салатын істі - жылдап созып жатады. Әлденені дәм етсе керек. Бұдан соң, Қазақстанға қаржы құямын деп келген қаржыгердің қарасын батырғаннан басқа амалы бар ма?! 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Инвесторлар қажетті шешімді айлап, жылдап күтіп қалады. Осыдан барып олар инвестициялық жобаларды кейінге қалдырады немесе басқа елге кетеді. Халықаралық келісімдердің мемлекеттік органдардағы кабинеттерде жатып қалуына, сондай-ақ келісімдерді ратификациялау ісінің көп жылға созылып кетуіне қатысты мысалдар жеткілікті. Бұрын солай болған, ол қазір де бар деп ойлаймын. Ал мұндай келісімдерге өзге елдерде бір-екі айдың ішінде қол қойылады. Инвестициялық жобалар бойынша нақты әрі түсінікті алгоритм керек. Кеңеске Үкіметпен бірлесіп, аталған мәселені пысықтауды тапсырамын.

Инвесторлардлы елге тартудағы мақсат не?! Қойнауда барды шетке тарату емес. Соларды игеріп, жаңа технология меңгеру. Білікті мамандарды оқыту. Ақыр соңында өзгеге телмірмей, бар керектіні өзіміз жасау. Тек сонда ғана экономикалық тәуелділік болмайды. Ажырғыдан арыламыз деп сонда ғана ауыз толтырып айтуға болады.

Дастан Сейілханұлы