Валюта бағамы құбылып тұр

Теңге бағамы төмен қарай құлдырап жатыр. Кеше Қазақстан қор биржасында бір АҚШ доллары 437 теңгеден саудаланған еді.

Бүгін ақша айырбастау орындары 453 теңгеден сатып жатыр. Оның үстіне КАСЕ техникалық ақауға байланысты сауда-саттық бір сағатқа кешігіп ашылатынын хабарлады.

Сарапшылардың айтуынша, теңге одан әрі құнсыздана қоймайды. Себебі әлемдік нарықтағы тұрақсыздық қара алтынның қымбаттауына да әсер етті. Бұл теңгенің төмендеуін тоқтатуы тиіс. Оның үстіне Қазақстанда 35 миллиард АҚШ долларына тең алтын қоры бар. Қажет болса Ұлттық банк интервенция жасауы мүмкін. Ал Ресей Батыстан салынатын санкцияға іштей дайын. Көрші ел Еуропа нарығынан шеттетілгенімен Азиямен ынтымақтастықты арттырып жатыр. Сондықтан бұл елдің де валютасы қайта нығаюы мүмкін. Айта кетейік, қазір бір доллар 85 рубльге жетті.