Қ.Тоқаев суперпрезиденттік басқарудан неге бас тартты?

Президент өкілеттігі туралы тың ұсынысты естідік. Енді Жолдауда айтылған саяси жүйені кешенді жаңғырту бағдарламасына кеңірек тоқталайық. Президент Парламенттегі екі палатаға жаңа міндеттер жүктеді, мәслихаттың құзыретін кеңейтіп, сайлау жүйесі туралы айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны жүзеге асыру үшін әуелі Конституцияның отыздан астам бабына өзгеріс енгізу міндеті тұр.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Бұл Жолдаудан бұқара шынайы реформалар күткен. Айтылды. Сонымен еліміз суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік республикаға айналады. Яғни елде Парламенттің рөлі күшейеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керек. Сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтамыз. Шын мәнінде, елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажет. Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Олар мемлекетімізді өркендету ісіне белсене атсалысуға тиіс.

Президент осы орайда ең алдымен Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қараған жөн деді. Қазір бездегі жоғарғы палата 49 депутаттан тұрады. Яғни әр өңірден екі сенатор сайланады және 15 сенаторды Мемлекет басшысы тағайындайды. Енді бұлай болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің Сенаттағы квотасы қысқартылатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Президенттің Сенаттағы квотасын бақылаудың құралы емес, Парламентте өкілдері аз әлеуметтік топтардың үні мен ой-пікірін ескеру тетігі ретінде қарастырған жөн. Осы орайда мен Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдадым. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады.

МӘЖІЛІСТЕГІ ДЕПУТАТТАРДЫҢ САНЫ АЗАЯДЫ

Осылайша, Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасы жойылады. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Нәтижесінде Мәжілістегі депутаттардың жалпы саны азаяды.

Тағы бір жаңалық. Алдағы уақытта заңды тек Мәжіліс қана қабылдайды. Ал Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау яки мақұлдамау құқығы ғана беріледі.

ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТА ҚҰРЫЛАДЫ

Ал Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құрылады. Оның төрағасы мәжілісте  жылына екі рет есеп береді. Осылайша Мәжілістің мәртебесі артады. Әйтпесе төменгі палатаның құзіреті шектеулі еді.

Берік Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мысалы, бізден қазір халық сұрайды ғой. Осы Мәжіліс не істеп отырсыздар? Не бітіріп отырсыздар деп. Мәжілістің шынымен де көптеген аймақтардағы шаруаларға араласуға мүмкіндігі жоқ.

МӘСЛИХАТТЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ КҮШЕЙЕДІ

Тек Мәжіліс емес, мәслихаттардың да рөлі күшеймек. Азаматтардың өкілді билікке деген сенімі нығаю үшін «Мәслихат төрағасы» деген лауазым енгізіледі. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын. Қазір мәслихат депутаттары Мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандидатураға келісім береді немесе келісім бермейді. Осы ретте, заңнамаға Президенттің облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі кандидатураны баламалы негізде ұсыну құқығын реттейтін түзетулер енгізу қажет. Осылайша, Президент облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін мәслихаттарда қарау нәтижесін ескеріп тағайындайды.

Бұл өңір басшылары жанама сайлау арқылы қызметке келеді деген сөз. Бірақ Президенттің аймақ басшыларын мәслихаттардың келісімінсіз орнынан босату құқығы сақталады.

ЕЛДЕ САЙЛАУ ЖҮЙЕСІ ӨЗГЕРЕДІ

Хош. Енді сайлау жүйесіне қатысты өзгерістерге тоқталсақ. Президент Мәжілістің депутаттық корпусын екі тәсілмен жасақтаған жөн деді. Оның бірі – пропорционалды. Екіншісі - мажоритарлы үлгі.

Аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді.

Дана Нұржігіт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Ең бастысы бұл жүйенің ішінде депутаттар халық ішінен сайланады. Халықпен бірге жұмыс істейді дегенді білдіреді.

Сондай-ақ Президент аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынды. Сосын «партияларды тіркеу талабын өзгертеміз» деді.

ПАРТИЯЛАРДЫ ТІРКЕУ РӘСІМІ ЖЕҢІЛДЕЙДІ

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Партияларды тіркеу рәсімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды. Сондай-ақ, құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейеді. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады.

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ҚҰРЫЛАДЫ

Аумақтық сайлау комиссияларының жұмысы да қайта қаралады. Бұдан былай бір адамның екі рет дауыс беруіне жол жоқ. Бұдан бөлек сайлау кезінде азаматтар кез-келген учаскеде дауыс бере алады. Ол үшін сайлаушылардың бірыңғай электронды базасы құрылмақ. Тағы бір жаңалық – елде Конституциялық сот пайда болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін. Сондай-ақ, институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Оған қоса азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі.

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ ҚҰРЫЛАДЫ

Мұндай саяси реформалар осы кезге дейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде талай көтерілген. Сол ұлттық кеңестің орнына енді құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құрылады. Президент осыны ұсынды. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейге көтермек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ұлттық құрылтайдың құрамында  еліміздегі барлық аймақтың өкілдері болады. Сондай-ақ, оған  Парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы жұмысшылары, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кіреді. Осылайша, сан түрлі қоғамдық пікір иелерін түгел қамтитын  өкілді құрылым қалыптасады.

КОНСТИТУЦИЯ БАПТАРЫНА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗІЛЕДІ

Президент көп ұсыныс айтты. Енді сол бастамаларды жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізіледі. Жыл соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылданбақ. Қазір көріп отырмыз, дүниеде геосаясаттың дүлей дауылы соғып тұр. Осы орайда тұрақтылығымызды сақтай отырып, даму аса маңызды. Себебі. Президент айтқандай «Қазақстанымыз бізден басқа  ешкімге керек емес».

Қорған Қонысбайұлы, Жандос Битабаров, Ержан Қанапияұлы

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауының толық мәтінімен таныс болыңыздар.