Президент Алматыдағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралады

Алаңдағы мерекелік шарадан соң президент Алматыдағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралады. Атап айтқанда, Оқушылар сарайына барып, балалармен тілдесті. Құр қол бармады, оларға мобильді құрылғы арқылы басқарылатын соңғы үлгідегі оқу телескопы мен Оқушылар сарайына автобус сыйлады.

Сондай-ақ президент Алматыдағы жаңа Үстел теннисі орталығын аралап көрді. Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен кәсіпкерлермен де кездесті.

Өз қаласының тарихымен мақтанбайтын алматылық аз. Себебі мұндағы әрбір ғимараттың келешегімен бірге кешегісі де бар. Соның бірі Оқушылар сарайы. Едені мәрмәр, шамы мыс. Қаланғанына 40 жыл толса да қаланың кішкентай тұрғындары үшін қалтқысыз қызмет етіп тұр. Араға осынша жыл салып бұл ғимарат жаңарды, жаңғырды. Заманға сай сайланған сарайды президент бүгін арнайы барып көрді.  

Анимация, 3D принтинг, IT үйірмелер. Заман талабы осы. Мысалы, мына жерде Жанғали Әбдіпатта оқушыларға анимацияға үйретеді.  

Жанғали Әбдіпатта, үйірме жетекшісі:

- Алдарында тұрған аппараттар арқылы камера, дыбыс жазатын микрофон арқылы өздері түсіреді, монтаждайды және дауыстайды. Толық метрлі мультфильм түсіріп шығарады.

Жаңа үйірмелер ашылғалы енді мұнда 7 мың емес, он мың алматылық оқушы келетін болды. Солардың бірі он бір жасар Әлихан Бауыржанұлы, бұйырса, «өскенде қазақ анимациясының атасы Әмен Қайдаровтың ізін жалғаймын» деп отыр. 

Әлихан Бауыржанұлы, оқушы:

- Шетелдің анимациясын көп қараймын. Мысалы, Netflix деген компанияның анимациялары маған ұнайды. Және бұл жерде өзімнің фантазияммен солардың жетістігіне жетем деген оймен келіп отырмын.

Мемлекет басшысы оқушыларға құр қол келмеді. Балаларға мобильді құрылғы арқылы басқарылатын соңғы үлгідегі оқу телескопы пен Оқушылар сарайына автобус сыйлады. Осылайша мемлекет ынталы жастарды қолдауға әркез дайын екенін білдірді.

Президент  сапары барысында Алматыдағы жаңа Үстел теннисі орталығын аралап көрді. Жалпы қазір елде 200 мың қазақстандық үстел теннисімен шұғылданады деген статистика бар. Бұл аз ба, көп пе, бірақ соңғы уақытта теннис трендке айналды. Айтпақшы, дәл осы Алматыда оқып жүргенде Қасым-Жомарт Тоқаев бұл спорт түрінен спорт шеберіне үміткер атанған еді.

Ал бұл Айназ Әзілгереева. Бүгін ол президентке «чемпион боламын» деп уәде етті.

Президент пен болашақ чемпионнан шеберлік сағаты

Қаңтар оқиғасы кезінде мыңнан астам бизнес бүлінді. Орта бизнес опық жеп, шағыны шығынға батты. Солардың бірі Серік Қадыров. Әтір сататын екі нүктесі бұзылды, талап әкеткен, сындырған. Шығын 3 млн теңге. 

Серік Қадыров, кәсіпкер:

- Қаңтар оқиғасы кезінде 99% сауда орындары зардап шекті, бәрі тоналды, қиратылды. Бүгінгі күнге барлығы толықтай жұмыс істеп тұр, шығынды толықтай жүз пайыз алдық. Тез уақытта, тез арада берілетініне мен өзім сенбедім. Бірақ 29 қаңтар күні құжаттарымды «Инфоқазақстанға» енгіздім, 9 ақпан күні ақшамды толықтай алдым. Сол үкімет бізді бетпе-бет қалдырмай, көмегін көрсетті. 

Көмек үзілмейді, шағын және орта бизнеске қолдау жалғаса береді, деді бүгін президент алматылық кәсіпкерлермен кездесу барысында.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Шағын және орта бизнес біз үшін приоритет. Қолымыздан келгенше көмек бердік. Шығын өтеледі. 

Алматылық бизнестен 1 мыңнан астам өтініш келіп түсіпті. Жалпы 6 млрд теңгеден астам көмек берілді. Жақында 20 миллиард теңге болатын тағы 170-ке жуық өтініш қаралады. 

Гүлжан Марқабаева