Рамазан – рақым айы

Бүгін күллі мұсылман баласы ауыз бекітті. Таңның атуы мен күннің батуындағы аралық – ораза уақыты.

Осы отыз күн оразада адам қара судың да қадірін сезініп, жаратылыстың мәнін түсінуге тиіс. Жақсылықтың салтанат құруы үшін барлық амалдар жасалуға шарт. Ораза - исі мұсылман үшін бес парыздың бірі. 

Биыл бір адамға берілетін пітір садақа 500 теңге болып бекітілді. Дін өкілдерінің айтуынша, Рамазан айында пітір садақа беру уәжіп. Ал ауқатты азаматтардың жылына бір рет зекет беруі парыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти осылай мәлімдеді.

Наурызбай Қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:

- Құрметті отандастар, баршаңызды күллі мұсылман баласы асыға күткен қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын. Әр шаңыраққа бақыт пен береке тілеймін. Жаратқан ием баршамызға жар болсын.

Бұған дейін күллі әлемді жайлаған пандемия салдарынан мешітке кіру, жалпы діни рәсімдерді өткізу талаптары өзгерген болатын. Ал соңғы кездері індет азайып, карантиндік талаптар жеңілдей түсті.

Әділхан Серікбай, республикалық «Әзірет сұлтан» мешітінің наиб имамы:

- Қазір елімізде карантиндік шектеулер алынды, бетперде тағып жүру де міндеттелмейді. Көпшілікпен жиындар жасалуы, намаз оқудың баршасына рұқсат етілген. Сондықтан мешіттерімізде ондай шектеулер жоқ. Алайда кімде-кім өз еркімен бетперде тағып келсе, ол құпталады.

Қайырымды жандардың көмегімен Діни басқарма жанындағы қор осы уақытқа дейін 533 отбасын баспаналы еткен. Одан бөлек, әр жыл сайын Рамазан айында ауызашар беріп, мұқтаждарға азық-түлік таратады.

Хасан Аманқұл, ҚМДБ діни оңалту бөлімінің меңгерушісі:

- Зекет және пітір садақаны берудегі мақсат – кедей мен байдың арасын жақындату. Байлар кедейлерге сәл ілтипат көрсетіп, оларға көмектесу. Рамазан айында берілетін болса, бұл басқа айларға қарағанда сауабы молырақ болады. Сондықтан мұсылмандар осы рамазан айында көбірек садақа жасауға әрекет етеді.

Рухани Асқар, тілші:

- Жалпы, биыл Қазақстанда Рамазан көрші Өзбекстан, Қырғызстан елдерімен бір уақытта басталды. Тарауих намазы мешітте оқылады. Сәуірдің 27-сінен 28-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 күн ораза 1-мамырға дейін жалғасады. Ал 2 мамыр – Ораза айт мерекесі.