Америкалық беделді басылымда Қ.Тоқаевтың мақаласы жарияланды

«Еуразиядағы тұрақсыздық Қазақстанның алға жылжуына тосқауыл бола алмайды». Осындай тақырыппен халықаралық саясат жөніндегі америкалық The National Interest, яғни «Ұлттық мүдде» журналына Қазақстан президентінің мақаласы жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ елінің алдында тұрған сын-қатер мен «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында айтылған ауқымды реформалар туралы баяндайды. Сондай-ақ Тоқаев Ресеймен де, Украинамен де достық қарым-қатынас ұстанатынын және екі ел арасында болып жатқан қақтығыс Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысына сәйкес тез әрі әділ тұрғыда реттеледі деп сенім білдіреді. Бұдан басқа, Мемлекет басшысы Қазақстан үшін ең ауыр соққы «Қаңтар оқиғасы» болғанын еске салып, бұдан азаматтардың заңды талаптары зорлық-зомбылықсыз немесе қудалаусыз ашық айтылуы керек және тиісінше мемлекет пен азаматтық қоғам арасында диалог тетіктерін нақты нығайту қажет деген түйін жасалғанын жеткізді. Қазақ Президенті мақаласын Біз Еуропамен және АҚШ-пен арадағы 30 жылдық берік достық пен ынтымақтастықты күшейткіміз келеді. Еуразияны бұл мақсатқа тек бірлесе отырып қана жұмылдыра аламыз деген сөздермен аяқтайды.