Елде көкөніс арзандауы тиіс

Себебі өңірлердегі ірі сауда орындары оңтүстіктің көкөнісі мен жемісін делдалсыз, тікелей сатып алатын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түркістан облысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өткен республикалық семинарда облыс әкімдіктері осындай меморандумға қол қойды. Мамандар Түркістан облысы республика халқын ерте пісетін картоп, пияз, сәбіз, қырыққабатпен қамтамасыз етуге мүмкіндігі мол екенін айтып отыр. Семинарда «Егістен сөреге дейін» деп аталған жоба аясында өнімді өткізу, тауар өндірушілерді қолдау, бағаны тұрақтандыру, ауыл шаруашылығындағы жаңа технологиялар мәселелері талқыланды. Кеңеске келгендер жергілікті диқандардың жетістіктері мен тәжірибесін көрді.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Қазір өзіміз көріп отырмыз ерте пісетін өнімдер келіп жатыр. Картоп, қырыққабат келіп жатыр, соны енді өңірлердің барлығы дұрыстап келісімшартқа отырып, тездетіп, тұтынушыларға жеткізу керек. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер сол келісілген бағамен өткізеді. Ол біріншіден тұтынушыға күрт өспей, қолайлы бағамен алушыларға жеткізуге мүмкіншілік туып отыр.