Отандасымыз Лондондық Ситидің құрметті азаматы атанды

Тарихта бірінші рет отандасымыз Лондондық Ситидің Құрметті азаматы – Фримен атағына ие болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Фримен, яғни Еркін адам атағы Біріккен Корольдік пен басқа елдер арасындағы іскерлік қатынастарды жақсартуға үлес қосқан британиялықтар мен шетелдіктерге беріледі. Кезінде мұндай қошеметке Патшалар мен Премьер-министрлер және басқа да аты аңызға айналған тұлғалар ие болған. Бұл – Чемберлен сарайы. Лондондық Ситидің Құрметті азаматы – Фримен атағын салтанатты түрде табыстау рәсімі 1232 жылдан бері осында өткізіліп келеді. Дәл осы жерде Патшайым Елизавета Екінші, Премьер-министрлер Уинстон Черчиль, Маргарет Тэтчер және басқа да көрнекті тұлғалар тарихи құжатқа ие болған. Орта ғасырларда бұл атақтың иесі Лондон көпірінің үстімен қойларын еркін өткізу құқығын иемденген. Баж салығынан босатылған Фримен Смитфилд базарына барып, малын саудалай алған.

Пол Дабл, Лондондық Ситидің шежірешісі:

– Бұл бөлмеде бірқатар экспонат көре аласыз. Мұнда Фримен атағын алған адамдардың тарихи жәдігерлері сақталған. Олардың жетістіктері көпге үлгі. Қазақстандық азаматтың да осындай құрметке ие болуы біз үшін мақтаныш.

Қазір әлбетте бұл атақтың тек символикалық құндылығы бар. Бірақ Біріккен Корольдік пен басқа елдер арасындағы іскерлік қатынастарды нығайтуға зор үлес қосқан британиялықтар мен шетелдіктерге ғана беріледі. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов осындай құрметке ие болған алғашқы отандасымыз. Оған «Бостандық көшірмесі» атты пергамент құжаты табысталды. Марапаттың авторы XVIII ғасырдың ортасында Лондондық Ситидің лорд-мэрі болған Джон Барнард. Ішінде «Еркін адам – Фрименнің» өмір сүру салтын суреттейтін нұсқаулық бар.

Джеффри Темпл, британ-қазақ қоғамының операциялық директоры:

– Құрметті азамат атағы – Лондондық Ситидің ең жоғарғы марапаты. Салтанатты рәсімнің Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын атап өткен жөн. Осы уақыт аралығында екі ел түрлі салалар бойынша мықты стратегиялық әріптестік орната білді. Біріккен Корольдіктің Еуропа бойынша Қазақстандағы ең ірі инвестор екендігі қуантады.

Бұл атақ – ең алдымен, белсенді дамып келе жатқан елімізді британиялықтардың мойындағанының белгісі. Біріккен Корольдіктің Қазақстанмен әріптестігін тереңдетуге мүдделі екендігінің айғағы. Сонымен қатар мемлекетіміздің әлемдік қаржы орталығы – Лондондық Ситимен әріптестік байланысы нығая түскендігінің дәлелі. Қазақстан әлі де британиялық инвесторлар мен бизнеске қолайлы жағдай жасап, отандық компанияларымыздың Ситидегі жұмыс ауқымын кеңейтуге ықпал ете бермек.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы