Бізді біріктіретін ортақ құндылықтарға ұмтылуымыз қажет – Президент

«Біз әртүрліміз – біз теңбіз». Жаңа Қазақстанды жасау жолындағы берік ұстанымның бірі осы қағида болмақ. Яғни саяси реформаларды жүзеге асыру ісінде Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі күшейеді. Бүгін Ассамблеяның 31-сессиясына қатысқан Президент ұйым қызметінің басым бағыттарын айқындап берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін ел азаматтарының пікірі ескерілу керек. Яғни республикалық референдум өткізілуі тиіс. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында осындай ұсыныс жасады. Саналы әрі сапалы түрде өзгеру үшін арнайы құрылған жұмыс тобы конституцияның 33-бабына түзету әзірлеген. Яғни Ата заңның үштен бір жаңарады. Оны жұрт құптай ма, жоқ па жалпыхалықтық дауыс беру арқылы айқындалады. Осылайша ел тағдырына қатысты маңызды шешімді қабылдауға әрбір азамат үн қосуға мүмкіндік алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын. Қазақстанда ол соңғы рет 1995 жылы қазіргі қолданыстағы Конституция бекітілген кезде өткізілді. Одан кейін «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заң қабылданды. Бірақ содан бері Конституцияға төрт рет өзгертулер енгізілгеніне қарамастан ол іс жүзінде қолданылған жоқ.

Қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Жер беті жікке бөлініп, бір-біріне көз алартып отырғандар көп. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде елдің тәуелсіздігі мен беркесін сақтаудың жалғыз жолы – ішкі татулық пен бейбітшілік. Бұл біздің мызғымас құндылығымыз. Мұны қаңтар оқиғасы кезінде айқын сезіндік. Енді өткеннен сабақ алып, болашаққа нық қадам басу үшін мемлекет азаматтарының бірлігін нығайтып, отаншылдық рухты көтеруге басымдық береді. Әрине, бұл істе Қазақстан халқы Ассамблеясына артылар жүк ауыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа жағдайда біздің бейбітшілік пен келісім жөніндегі саясатымыздың берік әрі институционалды тірегі қызметін атқаратынына сенімдімін. Бүгінгі сессияның міндеті – Ассамблеяның саяси жүйені реформалау ісіндегі орны мен рөлін анықтау, оны әрі қарай дамытудың бағытын белгілеу. «Біз әртүрліміз – біз теңбіз» қағидаты саяси жаңғырудың іргелі компоненті деген пікірді ұстанамыз.

Қазір ақпарат заманы. Түймедейді түйедей қылу, жалған ақпаратпен бұқараны арандату деректері жиі кездеседі. Осы тұста Президент алуан түрлі мәдениетімізді танытатын ақпараттар легін көбейтуді, күннен күнге қатары көбейіп келе жатқан қазақ тілді көрерменмен тығыз жұмыс істеу қажет екенін атап өтті. Елдің әрбір азаматы ұлттық мүдде мен патриоттық қағидаттарға берік болуы үшін ақпараттық жұмыстарды күшейтудің маңызыдылығына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Болған және болатын сыртқы қақтығыстар азаматтарымыздың арасында ұлтаралық жанжал тудырып, жікке бөлінуге пайдаланылмауы керек. Оған жол беруге болмайды. Мұндай арандатушылықтар болып жатыр. Оны көріп отырмыз. Бірақ арандатушылар қайда тұрса да, қандай құжаттармен тұлғасын жасырса да, қалай құбылса да біздің бірлігімізге нұқсан келтіріп, мемлекетіміздің дербес саясат жүргізу құқығын бұза алмайды. Бейбітшілік пен тұтастық – басты құндылығымыз, онсыз болашақ жоқ екенін бәрі есте ұстауы керек. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, болмайды да.

Кеше тұңғыш рет Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар сессиясы өткен еді. Келер айда жаңа диалог алаңы – «Ұлттық құрылтайдың» алғашқы отырысы өтеді. Құрылтай қоғамды өзекті мәселелерді талқылау жолында топтастыруға арналған. Жиын барысында Президент бұл мәселеге де арнайы тоқталды. Жастардың ұстанымын мұқият зерделек керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Құрылтай жалпыұлттық диалогтың әмбебап моделіне айналады. Оның құрамына депутаттар, ассамблея мүшелері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, барлық өңірдің, сондай-ақ азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестердің, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес-қауымдастықтардың және өндіріс саласының өкілдері кіреді. Ал Ассамблея Ұлттық құрылтаймен бірлесіп тиімді жұмыс істеуі керек. Себебі түптеп келгенде, екеуінің мақсаты ортақ. Ауқымды өзгерістерге жастардың да белсене қатысқаны абзал.

ЭТНОМЕДИАЦИЯ ОҚУ ОРТАЛЫҒЫ ҚҰРЫЛАДЫ

Ассамблея мән беретін тағы бағыттың бірі - құқық қорғау саласы. Медиацияға негізделген кәсіби келіссөз жүргізушілердің бірегей институты қалыптасуы тиіс. Этномедиация оқу орталығын құру қажет. Бұл жұмысты пысықтау Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым министрліктері, Мемлекеттік басқару Академиясы, Ассамблея хатшылығы мен өзге де құзіретті органдарға тапсырылды. Президент Жаңа Қазақстан дегеніміз, шын мәнінде Әділетті Қазақстан екеніне тағы да тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз көзқарастарымыз бен наным-сенімдеріміздегі айырмашылықтарға қарамастан, бір-бірімізді түсінуге және құрметтеуге тиіспіз. Бізді біріктіретін, күшейтетін, үйлестіретін ортақ құндылықтарға ұмтылуымыз қажет. Біздің «Әртүрлі көзқарас біртұтас ұлт» деген қағидамыз мызғымайды. Патриотизмнің жоғары құндылықтарын ұлтаралық артықшылық сезімімен алмастыруға, достық пен бірліктің орнына бір-біріне деген өшпенділікке жол берілмейді.

Мемлекет басшысы барлық жоспарды жүзеге асырып, әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған Қазақстанды құратынына сенімді екенін жеткізді. Сөз соңында жиынға қатысушыларды Қазақстан халқының бірлігі күнімен және Ораза айт мерекесімен құттықтады.

Талғатбек Әбдіқожа