Сарапшылар теңге бағамына жаңа болжам жасады

Өткен аптада теңге біраз тұрақталғанын көрдік. Бірақ келесі айда Ұлттық валюта тағы құнсызданып, доллар қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл маусым айының басында бір доллар 448 теңгені құрайды. Елдегі нарық қатысушылары осындай болжам жасады. Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы кезекті сауалнама жүргізіп, соның нәтижелерін жариялады. Сонымен қазір шетелдік валюта 442 теңгеге саудаланып жатыр. «Бірақ бір жылдан кейін ұлттық валюта бағамы құнысызданып, бір доллар үшін 484 теңге болады» делінген хабарламада. Әлемдегі геосаяси шиеленістер, нарықтардағы жағдай мен дамыған елдердің монетарлық саясаттарын қатаңдатуы ұлттық валютаға қысым көрсетуі мүмкін. Сондықтан сарапшылар теңгеге қатысты теріс болжамды сақтап отыр. Зерттеуге қаржы нарығының кәсіби қатысушылары, банк, сақтандыру, брокерлік ұйымдар, талдау бөлімшелері қызметкерлерінің пікірі алынған.

СӘУІРДЕ БЖЗҚ-ДАН ₸ 7,6 МЛРД АУДАРЫЛҒАН

Сәуірде 3 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы жинақтарын пайдалануға мүмкіндік алды. Шекті меже екі есе өскеніне қарамастан, БЖЗҚ-дан 7,6 млрд теңге шығарылған. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады. Жалпы 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы күнге дейін тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін 1 миллионнан аса адамның өтініші мақұлданған. Нәтижесінде қазақстандықтардың арнайы есепшоттарына 3 трлн теңгеде аударылды. Мақұлданған өтініштердің көбі Алматы, Нұр-Сұлтан және Маңғыстау тұрғындарынан түскен. Естеріңізге салайық, енді 20 жастағы азаматтар үшін зейнетақы жинақтарындағы шекті меже 3,1 млн теңгені құрайды. 30 жаста 4 млн теңгеден асады, 40 жастағылар үшін зейнетақы жинақтарының шекті межесі 6 миллион теңгеге жуықтайды. 

АЛТЫН ҚОРЫ АЗАЙДЫ

Қазақстан алтын қоры бойынша 16-орынға түсті. Алтын жөніндегі Дүниежүзілік кеңестің деректеріне сай биыл 1 мамырдағы жағдай бойынша бағалы металл көлемі 368 тонна. Сәуірде 380 тонна, қаңтарда 407 тонна болған. Алтынның азайғаны осыдан-ақ аңғарылады. Қазақстан алтын қоры бойынша тізімде Португалия мен Өзбекстан арасында тұр. Оларда 382 және 337 тонна бағалы металл бар. Ресейде алтын қоры көлемі шамамен 2,3 мың тонна, ал Қытайда 1,9 мың тонна. Ең көп алтын қоры АҚШ-та 8 мың тонна. Ал қымбат металл құнына келсек, Ұлттық банк бір грамм алтынды 26 мың теңгеге бағалап отыр.

 

АҚШ-ТА ИНФЛЯЦИЯ БАЯУЛАДЫ

Ал АҚШ-та керісінше, өткен айда инфляция баяулап, 8,3%-ті көрсетті. Штаттардағы тауарлар бір айда тек 0,3%-ке қымбаттапты. Бірақ сарапшылар өсім бұдан да төмен бөлады деп күткен. Біздікімен салыстыруға келмейді әрине, бірақ АҚШ-та да тұрғын үй, азық-түлік, тарифтер мен әуе билеттері қымбаттаған. Мысалы, азық-түлік индексі 0,9%-ке өсті. Tengenomika-ның пайымдауынша, АҚШ-тың тұтынушылық инфляциясы туралы қазіргі мәліметтер нарық пен Федералдық резервтік жүйе үшін оң белгі. Бұл инфляцияны тежеу шараларынан нәтиже бар екінін көрсетеді.