Жеңіл автонесиеге өтініш беру басталды

Бүгіннен бастап отандастарымыз жеңіл автонесиелеуге өтініш бере алады. Бұл үшін өнеркәсіпті дамыту қоры екінші деңгейлі 5 банкпен келісім жасады. Автонесиелеудің шарттары кімге тиімді? Өтініш берушілердің бәріне көлік жете ме? 

Банктердің өзі барлық адамнан өтініш қабылдауға құлық танытпай отыр.

Жеңіл несие кімге бұйырады?

Елімізде жеңіл автонесиелеу бағдарламасы бұған дейін де болған. Ол 2015 жылы іске қосылған еді. Үкімет бөлген 80 млрд теңге банктердің айналымына түсіп, 150 млрд дейін өсті. Осылайша 30 мың көлік иесін тапты. Сол тұста бағдарламаға 5 банк қатысқан. Міне өнеркәсіпті дамыту қоры осы қаржылық ұйымдармен қайта келісім орнатты. Бұл жолы утиль алым есебінен тағы 100 млрд теңге қарастырылған. Әрі қаржылық ұйымдарға қосымша талап қойылды. Қазақстанда құрастырылатын жеңіл көліктерді жеңіл несиемен қамтудың өз шарты бар.

Жіктер болсам, сыйақы мөлшерлемесі 4 процентке тең. Ал алынатын көлік құны 15 млн теңгеден аспауы тиіс, асып кеткенін қарыз алушы өзі толықтырады. Несие 7 жылға дейін беріледі. Бастысы, қарыз алушыдан алғашқы жарна сұралмайды. Тиісті шаралардан кейін банктер халыққа жылдық мөлшері 4 пайыз болатын несиені бере бастауы тиіс. Алайда банктердің бәрі тиімді шартпен қарыз рәсімдеуге дайын емес.

Олжас Сапарбеков, индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары:

- Түсінгенімше, банктердің айналымдағы қаржы көлеміне қарай белгілі бір мөлшердегі ақшасы бар. Ол ақша есеп-шоттарға түскеніне қарай банктер қарастыратын өтінім санын алдын ала белгілеген болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, ақшасы жетпесе, автонесие береміз деп бос уәде бере алмайды ғой. Бекер кезекті ұлғайып, адамдарды текке күттіріп қайтеді? Осыны түсінген банктер, өтінім қабылдау процесін тоқтатуы мүмкін. Бұл менің ойым ғана, жай-жапсарын банктердің өзінен анықтау керек шығар.

Көлік сатылымы қалпына келді

Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында елде 23 мыңға жуық отандық көлік сатылды. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 8,5 процентке аз. Автонарықты сараптау және мониторинг жүргізу орталығының мәлімдеуінше, елде қалыпты жағдайда ай сайын 10 мың көлік сатылатын. Алайда жылдың басында бұл көрсеткіш құлдырап кетті. Тек наурыздан бастап қайта қалпына келген. Бізде ғана емес, сәуірде әлемдегі жаңа көліктердің сатылымы 25 процентке төмендеді. 

Сатылған темір тұлпарлар саны 67 млн жуықтаған. Оның дені Солтүстік Америкадан иесін тапты. Мұнда 1 млн 246 мыңы сатылды. Тізімді Қытай жалғайды. Бұл елде 1 млн 157 мың көлік сатылған. 

Мамандардың айтуынша, темір тұлпар саудасына микрочиптердің жетіспеушілігі кері әсер етіп жатыр. Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыс өнім тасымалына кедергі келтірді.