Президент Бас прокуратураға алаяқтармен күресті күшейтуді тапсырды

Мемлекет басшысы Ақордада кәсіпкерлермен кездесіп, саладағы өзекті мәселерге тоқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Қазір құқық қорғау органдарының жұмысына байланысты сыни пікір көп екенін білемін. Тәртіп орнату кезінде үйреншікті тәсілге салу салдарынан бизнеске кесірі тиетін кездер болуы мүмкін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал мұндай фактілер болса, әр іс бойынша арнайы тексеру шаралары жүреді, баға беріледі. Президент бұл Бас прокуратураның жұмысы екенін айтты. Бұдан бөлек, мемлекет басшысы алдағы референдумда әр азаматтың даусы маңызды екенін атап өтті. Бұл – Мемлекет басшысының бизнес өкілдерімен биылдыққа екінші кездесуі. Қаңтарда жүздескен еді. Бұл жолы кәсіпкерлерді Ақордаға шақырды. Әлі де шешілмеген мәселе көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жалпы жұмысты дұрыс жүргізу үшін мемлекеттік органдардың есебі жеткіліксіз. Елімізде және әлемде болып жатқан оқиғалар туралы сіздердің пікірлеріңізді білу аса маңызды. Мен, ең алдымен, бір мәселені нақты айтқым келеді. «Ойын ережесі» әділ әрі бәріне бірдей болатын ашық экономика саясаты жалғаса береді. Бұл – менің берік ұстанымым. «Майшелпек орындар» мен жайлы қызметтерді үлестіруге жол берілмейді.

Бізде көп жағдайда ұрандатып кететіндер бар. Мемлекет басшысы бизнеспен жұмыс істеу кезінде ескі тәсілдерге жол бермеу керек деді. Құқық қорғау органдарының қызметін сынға алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Науқаншылдыққа салынып, асыра сілтеуге мүлде болмайды. Егер мұндай оқиғалар анықталса, арнайы тексеру жүргізіледі. Тиісті баға беріледі. 2019 жылы өз Жолдауымда бизнеске заңсыз кедергі келтіру мемлекет мүддесіне қарсы бағытталған қылмыс ретінде қарастырылатынын айттым. Бұл – Бас прокуратураның міндеті. Әрине, алаяқтармен күресу қажет. Оған дау жоқ. Бірақ, артық қыламын деп, тыртық қылмау керек. Жазықсыз жандар қосақ арасында жапа шекпеуге тиіс.

Өңірлік билік пен аумақтық құқық қорғау бөлімшелерінің басшылары кәсіпкерлермен бірігіп, бизнесті қолдау деген сылтаумен үнемі заңды белден баса әрекет етеді. Президент ашығын айтты. «Бұл үлесті өзара бөлісіп алған деген сөз» деді.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Елімізде ешқандай да қолдаушы тірек пен рейдерлік болмауы керек. Егер бизнес адал жұмыс істеуге дайын әрі креативті, заманға сай сұранысқа ие болса, оны қолдау қажет. Ұлттық экономиканың жаңа моделіне енуге көмектесу керек. Біз бизнес пен мемлекет мүддесі арасындағы теңгерімді қатаң сақтауға тиіспіз.

Мемлекет басшысы осы мәселелерді шешу үшін бірқатар тапсырма берді. Ең алдымен, құқық қорғау органдары тарапынан негізсіз қудалауға жол бермеу жөнінде жүйелі шаралар қабылданады. Соңғы бес айда прокурорлар 100 мыңға жуық кәсіпкердің құқығын қорғаған. Бұл шамамен тұтас былтырғы көрсеткішке жуықтайды. «Аталған деректер тергеу органдарының бизнесті қылмыстық қудалауға мәжбүрлі түрде тартып жатқанын білдіреді» деді Президент. Сосын құқық қорғау органдарына бірінші кезекте алаяқтықты, заңсыз ақша табу, қаржы пирамидаларын құру әрекеттерін әшкерелеуге пәрмен берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Әрине Бас прокуратура құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қиялынан туған қылмыстық істерді тоқтатуы тиіс. Мұндай күмәнді істерге бастамашы болғандарды жауапқа тарту керек. Мемлекеттің бизнеске қолайлы жағдай жасау саясатына нұқсан келтіретін күштік құрылымдар қызметкерлері басшыларының жауапкершілігін арттыру шараларын айқындау маңызды. Бас прокуратураға Жоғарғы сотпен және Үкіметпен бірлесе отырып, заңнамаға нақты түзетулер топтамасын әзірлеуді тапсырамын. Әкімшілік бұл мәселені бақылауға алсын.

Президент мемлекеттік аудит жүйесімен байланысты мәселеге де арнайы тоқталды. Кәсіпкерлердің мемлекеттік аудит қорытындысына шағым түсіріп немесе негізсіз қылмыстық істен құтыла алмайтынын, жүйенің солай құрылғанын атап өтті. Осы ретте Бас прокуратураға Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және бизнес-омбудсменмен бірлесіп, қылмыстық және азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің ара-жігін ажыратуға бағытталған механизмдерді тез арада әзірлеуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Тепе-теңдік және тежемелік механизмдер жүйесі мен қоғамдық бақылау – осы реформаның табысты формуласы. Құқық қорғау органдары тарапынан жасалған әрбір рейдерлік әрекет немесе негізсіз қысым жасау дерегі Бас прокурордың жеке бақылауында болуға тиіс. Осындай істер соңына дейін жеткізілуі керек. Бұл жерде ешқандай корпоративтік ымыраға жол берілмеуі, тіпті сөз болмауы қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев ашық әрі әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге арнайы тоқталды. Сот жүйесін табанды түрде реформалау судьялар тарапынан жақсы қабылданып жатыр деді. Сосын жуық арада осы бағытта нақты ауқымды шараларды жариялайтынын мәлімдеді. Қолайлы бизнес-климат қалыптастыру тек заңдарды өзгертумен және мемлекеттік субсидиялар берумен ғана шектелмейді. Ал, әкімдер бүгін айтылған барлық сыннан нәтиже шығаруға тиіс. Әрі тез арады. Себебі, әкімдердің жұмысы облыстардағы бизнес-климаттың қолайлылығы бойынша бағаланбақ.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы