Президентке «Самұрық-Қазынаның» қаржылық көрсеткіштері туралы баяндалды

Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Самұрық-Қазына» қорының биылғы төрт айда атқарған жұмыстарының қорытындысы жөнінде есеп берілді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президентке қордың өндірістік, қаржылық көрсеткіштері мен осы жылға арналған болжамдары туралы баяндалды. Берілген мәліметтерге сәйкес «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы қазіргі уақытта жоспарланған нәтижеге қол жеткізген.

Алмасадам Сәтқалиев Мемлекет басшысына маңызды инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы, ірі инфрақұрылымдық нысандарға жүргізілген жөндеу жұмыстары, сондай-ақ қорға қарасты портфельді компаниялардың IPO-ға дайындығы жөнінде баяндады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қызметіне қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.