4 маусым ҚР Мемлекеттік рәміздері күні

Бүгін Мемлекеттік рәміздер күні. Қазақстанның тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды.

Мемлекеттік рәміздер – елдің ұлттық болмысын, дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытатын белгі. 

Айта кетейік, ортасында шұғылалы күн және қалықтап ұшқан қыран бейнеленген көк Туымыз суретші Шәкен Ниязбековтің туындысы. Ал көгілдір түс аясында шаңырақ түрінде өрнектеліп, қос қапталында пырақтар қанат жайған Елтаңба – сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шотаман Уәлихановтың еңбегі. Мәтінін Жұмакен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев, ал әнін Шәмші Қалдаяқов жазған «Менің Қазақстаным» әні де тәуелсіздік нышандарының бірі. Әнұранымыз мемлекеттік деңгейдегі рәсімдер мен сайыстағы саңлақтар жеңімпаз атанған кезде шырқалып, рухани күш-қуат береді. Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.