Бүгін елімізде екінші рет республикалық референдум өтуде

Бүгін референдум. Тәуелсіз Қазақстан тарихында аса маңызды мәселелер жалпыхалықтық дауыс беруге осымен екінші мәрте шығарылып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елімізде алғашқы референдум осыдан 27 жыл бұрын өткен еді. Бұл жолғы референдум Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде. Ата заңға 56 өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары билік алдында еліміздің заң жүйесін жетілдіру міндеті тұрды. Сөйтіп 1995 жылы конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін жалпыхалықтық референдум өткізілді. Сол кезден бері Ата заңымызға бірқатар өзгеріс енгізілсе, конституциялық түзетулерге қатысты халықтық референдум өткізілген жоқ. Енді араға 27 жыл салып екінші референдум өтіп жатыр. Бұл жолы еліміздегі басты құжаттың 33 бабына 56 өзгеріс енгізілмек. 

Мұрат Бахтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Бізде көп жылдар бойы экономикалық дамытуды бірінші орыңға қойдық та, саясатты екінші орынға қойдық қой. Сондықтан да саяси жүйені осы реформаны қабылдасақ, осы референдум аман-есен өтсе, саяси жүйені реформалаудың нышаны деп білеміз.

Соңғы жылдары халықтың саяси белсенділігі артып келеді. Яғни азаматтық қоғамның саяси науқандарға араласу, пікірін жеткізу сауаты артып, мәдениеті қалыптастып келеді, – дейді сарапшылар. Соңғы жылдары елімізде заң үстемдігін орнату үрдісіне үлкен мән беріліп келеді. Осы ойды жүзеге асыру үшін шетелдік тәжірибе де енгізілді. Қазір адам құқықтары жөніндегі омбудсмен деген ұғым таңсық болмай қалды. Бала құқығын қорғайтын уәкіл де бар.

Абзал Бекбосынов, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшесі:

– Омбудсменнің статусы көтерліп жатыр. Кез келген адам өз құқығын қорғай алады. Бұл орган бірде-бір мемлекеттік органға, ұйымға немесе министрлікке бағынбайтын мемлекеттік институт. Құқығы бұзылған адам барып, шағым білдіріп, көмек сұрай алады. Ал ар жағынан орган конституциялық сотқа болмаса, Президентке, сол сияқты органдарға шағым білдіре алады.

Бүгінгі саяси науқанға байланысты ел аумағында 10 мыңнан астам референдум учаскесі жасақталаған. Ондағы жұмыс таңғы жетіден кешкі 8-ге дейін жалғасады. Жалпы, референдумға қатысуға 12 млн-ға жуық дауыс беруші тіркелген. 

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Аят Дүйсенбаев, Ақыл Есімсейтов