Қазақстан Президенті Башқұртстан басшысымен келіссөздер өткізді

Қазақстан Президенті Башқұртстан басшысы Радий Хабировпен кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Радий Хабиров Қазақстан мен Башқұртстанның сауда-экономикалық, өнеркәсіп, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы стратегиялық серіктестікте Башқұртстан Республикасының ерекше орын алатынын атап өтті. Президент екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.

– Біз Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы іскерлік ынтымақтастыққа қатысты нақты жобалар жасауға және дамытуға мүдделіміз. Сондықтан сіздердің компанияларыңыздың жетекшілерін Қазақстанға шақырамын. Біз барлық жағдайды жасаймыз. Бұған қызығушылық танытып отырмыз. Егер сіздердің тарапыңыздан индустриялық әлеуеті ескерілген өте маңызды бірлескен жобалар ұсынылса, жұмысымыз жемісті болады деп ойлаймын, –деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Башқұртстан дәстүрлі түрде Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығын нығайтуға елеулі үлес қосуда. Оның пікірінше, түрлі бағыттар бойынша өзара ықпалдастықты кеңейтуге әлеует жеткілікті және Қазақстан оны толыққанды іске асыруға ниетті.