Президент БРИКС+ ұйымының диалогына онлайн форматта қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен БРИКС+ ұйымының жаһандық даму жөніндегі жоғары деңгейлі диалогына онлайн форматта қатысты.

«БРИКС елдері арасында жоғары деңгейдегі серіктестік қатынас орнату, жаһандық дамудың жаңа дәуірін құру» атты тақырыптағы БРИКС-тің 14-саммиті Қытайдың төрағалығымен өтіп жатыр.  

Қазақстан Президенті жиын қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, осы маңызды іс-шараға шақырғаны және ұйымдастырғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге ризашылығын білдірді.

– Қазақстан БРИКС-ті ықпалды ұйым әрі әлемдік экономиканың өсімін өрге сүйреп келе жатқан негізгі күштердің бірі ретінде қарастырады. Қазақстан БРИКС елдерімен қарқынды серіктестікті дамытуға мүдделі. Сондай-ақ былтыр бұл Ұйымға мүше елдермен арадағы тауар айналымы 45 миллиард АҚШ долларынан асты. Осыған орай алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыру үшін мол мүмкіндік бар, – деді Президент.

Президент Орнықты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізудің маңызды екеніне назар аударды.

–  БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Саммитті келесі жылы шақыру арқылы БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі күн тәртібін жүзеге асыруға күш салу жөніндегі белсенділігін құптаймын. Біз барлығын, әсіресе, әйелдерді, жастар мен балаларды, егде адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды ескерусіз қалдырмай, өз міндеттемелерімізді нақтылауымыз қажет. БРИКС+ елдері Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы алшақтықты қысқартуға және дамудағы теңсіздікті жоюға өз үлесін қоса алар еді, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға дейінгі күн тәртібін жүзеге асыру аясында аймақтық ықпалдастықтың маңызды екеніне баса мән берді.

– Біз Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстанның орнықты дамуын көздейтін БҰҰ Орталығын ашу жөніндегі идеяны ілгерілете береміз. Су, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты аймақтағы ушығып келе жатқан қатермен күресуіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сөзін қорытындылай келе, әрбір дағдарыстың қауіпті жағы да, мүмкіндігі де бар екенін атап өтті.

– Бұл жерде біз адамдардың мүддесі бәрінен жоғары деген адамгершілік қағидатын басшылыққа алуға тиспіз. БРИКС плюс платформасы осы игі іске лайықты үлесін қосады деп сенемін. Қазақстан өзінің ұлттық мүдделерін жаһандық міндеттемелермен үйлестіруге толық әзір, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Іс-шараға Қазақстан мен Қытай көшбасшыларынан бөлек Ресей Президенті Владимир Путин, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди, ОАР Президенті Сирил Рамафоса, Бразилия Вице-президенті Амилтон Моурао, Алжир Президенті Әбделмәжид Теббун, Аргентина Президенті Альберто Фернандес, Мысыр Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сиси, Индонезия Президенті Джоко Видодо, Иран Президенті Ибрахим Раиси, Сенегал Президенті Маки Салл, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Малайзия Премьер-министрі Исмаил Сабри Якуб, Таиланд Премьер-министрі Прают Чан-Оча, Камбоджа Премьер-министрі Хун Сен, Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмед Әли, Фиджи Премьер-министрі Джосайя Вореке Байнимарама қатысты.