Қазақстан мен Корея атом энергетикасы туралы меморандумға қол қойды

Сеулге энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов бастаған қазақстандық делегация келді. Оңтүстік Кореяның сауда министрлігі, Корей атом энергиясы корпорациясы және ірі компаниялардың өкілдерімен келіссөздер жүргізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сапар барысында еліміздің өкілдері жергілікті атом электр станцияларын аралайды. Атап айтқанда, АПР-1400 және ОПР-1000 реакторларының жұмысымен танысады. Біріккен Араб Әмірліктерінде корей технологиясына негізделген атом электр станциялары салынды. Корея ядролық жобалар бойынша Чехия, Польша, Нидерланды және Украинамен келіссөздер жүргізіп жатыр. Сеул Қазақстанда да жұмыс істеуге үлкен қызығушылық танытып отыр.

Нам Ё Сик, Корея атом энергиясы корпорациясының президенті:

- Жантикин мырза Қазақстандағы жоспарланған электр қуатын өндіру көлемі – 22 Гбайт деді. Ал, бізде тек атом электр станциялары 23 Гбайт өндіреді. Кореяда 24 энергоблок бар. Сонымен қатар тағы 4 энергоблок салынып жатыр. Біріккен Араб Әмірліктерінде жоспарланған 4 энергоблоктың 2-і коммерциялық пайдалануға берілді. Біз Қазақстанмен көптеген салаларда ынтымақтаса аламыз. Біріншіден, атом электр станциясын пайдалану саласында. Сонымен қатар, инфрақұрылым салып, адам ресурстарын дайындай аламыз. Меморандум атом электр станциялары бойынша жемісті ынтымақтастыққа мүмкіндік ашады деп сенемін.

Жандос Нұрмағанбетов, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Кез келген ел ең қолайлы жағдайды, ең жақсы технологияны, ең мықты құрылыс жағдайын, ең тиімді бағаны таңдағысы келеді. Қазақстан да осы қағиданы ұстанады. Қазір біз бірнеше серіктестермен жұмыс істеп жатырмыз. «Росатом» тобы Қазақстанда белсенді жұмыс істейді. Француздың EDF тобы бар. Болашақта модульдік реакторлар қарастырылады. Біз корей тарапының бұл жұмысты жандандырғанын қалаймыз. корейлік технологияны қолданатын станция салуды өте байсалды деңгейде қарастырар едік.