Президент ұлттық қауіпсіздік туралы: Проблеманы басынан жою қажет

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне 30 жыл. Мемлекет басшысының қатысуымен салтанатты жиын өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздікті қорғау ісі көбінесе ел назарынан тыс жүргізілетінін айтты.

«Бірақ шынайы патриотизм атақ үшін емес, Отан үшін елге қызмет етуден көрінеді» деді. Сосын қаңтардағы қасіретті күндерді еске алды. Комитеттің сол кездегі бірқатар басшысының намыссыздығы мен сатқындығына қарамастан көптеген офицер антына адал болып, батыл әрекет еткенін атап өтті. Енді нәтижені айтсақ. Жыл басынан бері Комитет қызметкерлерінің тиімді жұмысының арқасында экстремистік әрекеттерге қатысқан және терроризмді насихаттаған 42 адам ұсталды. Екі терролық актіге жол берілмеді. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қарқынды жүргізіліп келеді. Ұлттық қауіпсіздік органдары полициямен бірлесіп, бірқатар аса қауіпті қылмыстық топты құрықтады. Жалпы құны 8 миллиард теңгеден асатын валюта, алтын және басқа да заңсыз тауардың жолы кесілді. Енді комитетті өзгеріс күтіп тұр. Қызметі түбегейлі жаңғыртылады. Президент мамырда тиісті Жарлыққа қол қойған еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Өзгерістердің бәрін табысты жүзеге асыру үшін бізге кез келген қауіпке тиімді қарсы тұра алатын заманауи арнаулы қызмет керек. Ұлттық қауіпсіздік органдары ұлттық мүдделерді қорғауда және күшейіп келе жатқан заманауи сын-қатерлерге қарсы күресте алдыңғы шепте болады. Сондықтан аналитикалық және ақпараттық барлау жұмыстарына баса мән бере отырып, проблемаларды бастапқы сатысында жою қажет. Қазақстан жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізеді. Сондықтан еліміздің одақтасы және стратегиялық серіктесі саналатын мемлекеттермен арадағы табысты ынтымақтастықты арнаулы қызметтер саласы бойынша дамыту өте маңызды. Қауіпсіздік саласындағы стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру кезінде азаматтар құқығының тапталуына және елімізде іскерлік климаттың бұзылуына жол беруге мүлде болмайды».  

Бұл дегеніміз арнаулы органға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Комитетте қызмет ететіндер ең алдымен, жан-жақты, сан қырлы білім иесі болуы тиіс. Кез келген жағдайды терең зерттеп, салмақты, парасатты шешім қабылдай білуі керек. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

«Комитеттің әрбір қызметкері өз ісіне адал және нағыз маман болуға тиіс. Қандай жағдай болсын, мемлекет мүддесі бәрінен жоғары тұруы қажет. Сіздердің кәсіби қабілеттеріңіз бен жеке адами қасиеттеріңіздің арқасында ел мүддесі тиісті деңгейде қорғалатыны анық. Сондай-ақ азаматтарымыздың билікке деген сенімі артып, мемлекетіміздің болашағы жарқын болмақ. Сондықтан кез келген жағдайды терең зерттеп, салмақты, парасатты шешім қабылдай білу өте маңызды міндеттеріңіз».