Қ.Тоқаевты Сауд Арабиясында қалай қарсы алды?

Мемлекет басшысы ресми сапармен Сауд Арабиясына барды.

Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде Корольдікке жасаған алғашқы сапары. Қазақ басшысын Қос Киенің сақшысы – елдің Королі Салман бен Әбделазиз Әл Сауд арнайы шақырған еді. Президент түнде Корольдіктің Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Саудпен кездесті. Ал бүгін Джиддада өтетін инвестициялық жиынға қатысады. Бірқатар іскерлік кездесу өткізеді. Президент сапары барысында қазақ-араб қатынасына қарқын беретін келісімдерге қол қойылады деп жоспарланған. 

Қорған Қонысбайұлы:

- Саудияда аптаның соңғы күні жұма. Демалыс та осы күні. Ал сенбі-жексенбі апта басы әрі жұмыс күндері саналады. Сондықтан мемлекет басшысының сапары сенбі-жексенбіге жоспарланған. Президент ұшағы кеше іңірде Джеддаға қонды. Іңір болса да уақытқа қарамай ханзада Мұхаммед бен Салман Әл Сауд қазақ басшысымен кездесуді құп көрген. Корольдіктің Тақ мұрагері Қасым-Жомарт Тоқаевты асқан құрметпен қарсы алды.

Қорған Қонысбайұлы:

- Саудия - Ислам және араб әлемінде қазақтың басты серіктесі. Қазақ азат атанғанда мұсылман мемлекеттерінің ішінде алғашқылардың бірі болып тәуелсіздігімізді мойындаған да осы Сауд Арабиясы. Жеріміз шектеспесе де ресми Нұр-Сұлтан мен Эр Риядтың арасы риясыз. Арада еш кілтипан жоқ. Саяси, экономикалық һәм рухани байланысты бекемдеуде Тақ мұрагері ханзада Мұхаммед бен Салман Әл Саудтың бәсі басым. Ол Король Салман бен Әбдел Әзиз Әл Саудтың ұлы. 2017 жылдың маусымында тақ мұрагері атанды. Әрі Премьер-министрдің орынбасары және қорғаныс министрі. Елдің жемқорлыққа қарсы комитетін де басқарады. Корольдік сотының басшысы деген лауазымы тағы бар. Экономикалық мәселелер және елді дамыту жөніндегі кеңестің төрағасы да осы Мұхаммед бен Салман. Бір сөзбен айтқанда, 36 жастағы тақ мұрагерінің елде салмағы көп.

Қорған Қонысбайұлы:

- Сауд Арабиясы - оңтүстік-батыс Азиядағы ықпалды мемлекет. Араб түбегінің 80 процентін әрі Қызыл Теңіз бен Парсы шығанағындағы бірнеше аралды алып жатыр. Жерінің 90 проценті шөл. 13 провинциядан тұратын елдің 35 жарым миллион халқы бар. Басқару формасы абсолюттік теократтық монархия. Елде Конституция жоқ, оны қасиетті Құран, Мұхаммед пайғамбардың хадистері және «Сауд Арабиясы Корольдігін басқару негіздері» деген құжат алмастырады. Жерін тессең мұнай атқылайтын қара алтынға бай ел. ОПЕК-тің мәліметі бойынша Корольдік әлемде мұнай қоры бойынша екінші, ал газ қорынан алтыншы орын алады. Қара алтынды өндіру және экспорттауда жиһанда көшбасшы үштікке кіреді. Өткен маусым айында арабтар тәулігіне 10 жарым  миллион баррельге жуық мұнай өндірген. Экспорттың 73 проценті осы мұнай мен мұнай өнімдерінің үлесінде. Былтыр жалпы ішкі өнімі жоғары мемлекеттердің арасында Саудия 19-орыннан көрінді. Жалақысы ең жоғары елдердің қатарында. Мұндағы бір аптадағы орташа еңбекақы 3700 доллар. Бұл теңгеге шақсаңыз 1 миллион 800 мыңдай. Ең аз дегенде саудиялықтар бір жұмада 224 доллар табады. Биылғы мамырда елдегі инфляция 2,2 процент болған. Арабтар мұнай мен туризмде көш ілгері болса, қазақ арабты тау-кен мен ауыл шаруашылығы арқылы қызықтырады. Сондықтан бүгін осы салаларда екі елдің іскер тобы бірқатар келісімге қол қоймақ.

Берік Арын, Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Төтенше және өкілетті Елшісі:

Қорған Қонысбайұлы:

- Қазақстан мен Саудия арасында өзара тауар айналымы 2021 жылы 8,6 млн долларды құраса, биылғы қаңтар мен мамыр аралығында 3,3 млн доллар болған. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 6,9% процентке кем. Сондықтан экономикалық баланысқа қамшы салу керек болып тұр. Президент сапарының мәні де осында жатыр. Қазақ пен арабқа олжа салатын келісімдерді бекітіп, серіктестікке серпін беру. Дініміз ортақ арабпен арадағы байланысты ту сыртымдағы құрма ағашындай жемісті әрі мығым ету. 

Қорған Қонысбайұлы, Ержан Қанапияұлы, Алмас Омарғалиев, Айдос Серікболұлы