Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,5% дейін көтерді

Ұлттық Банк 26 шілдеден бастап базалық мөлшерлемені 14,5 пайызға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Қаржы ұйымының хабарлауынша, бұған ішкі-сыртқы факторлар себеп. Атап айтқанда, өткен айдағы нақты инфляция болжамнан асып түскен. Ал азық-түліктің қымбаттауы жаһандық проблемаға айналды. 

Өткен айдағы нақты инфляция деңгейі болжамнан да асып түсті. Ұлттық банктың базалық мөлшерлемені көтеруге негіз болған себептердің бірі осы. Екінші жағынан, қаржы ұйымы орта мерзімде жағдайды тұрақтандырып, нысаналы көрсеткішке қол жеткізуді көздейді. 

Ақылжан Баймағамбетов, Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:

- Жылдық инфляцияның қарқыны мамыр және маусым айларында үдеп, 14,5%-ке дейін жетті. Бұл біздің болжамнан асып түсті. Азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға үлес қосушы бірден бір фактор.

Жалпы қымбатшылық бүкіл әлемде байқалып отыр. Ал біздің экономика әлі де сол сыртқы инфляциялық қысымға бейімделумен келеді. Биыл маусымда бізде азық-түлік 19%-ке, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 13%-ке және ақылы қызметтер 9%-ке қымбаттады.

Ақылжан Баймағамбетов, Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:

- Біз инфляция шарықтау шегіне әлі жетпегенін, бағалар әлі тұрақтала қоймағанын көріп отырмыз. Бағалардың тұрақталмауына жоғары инфляциялық күтулер мен фискалдық ынталандыру шаралары ықпал етуде. 

Азық-түлік пен басқа тауар бағасы қашан тұрақталатыны белгісіз. Бірақ болжам бойынша жаңа күтпеген өзгерістер болмаса инфляцияның жылдық өсуі келер жылдың көктеміне дейін жалғасып, одан әрі баяулайды. 

Ғазиза Мұхамеджанова