Елде коронавирустың таралу қарқыны үш есе артты

Соңғы 2 аптада осындай өсім байқалды. Қазір барлық аймақта  дерт дендеп барады. Тәулігіне инфекция жұқтырудың 3 мың жағдайы тіркеледі. Науқастардың 94 проценті амбулаториялық ем қабылдауда. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ажар Ғиният жыл басынан бері ковидке 6 мың бала шалдыққанын да тілге тиек етті. 423 бүлдіршін қазір ем алуда. Алайда оның үшеуі жансақтау бөлімінде.  Балалардың 21 процентінде ауру жеңіл өтеді. Ал 77% орташа деңгейде еңсеріп жатыр. Бұл ретте министр әр 6 ай сайын коронавирусқа қарсы екпе алып тұру керектігін ескертті. Бүгінде ревакцинация қарқынды жүріп жатыр. Егілуге тиісті халықтың 68 проценті немесе 5 млн-нан аса адам екпе алған.

Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау министрі:

– Коронавирус инфекциясының қазіргі түрінде ауру жеңіл өтеді. Бірақ қауіпті топқа, яғни, аурудың қатаң түрімен ауыратындарға, жүкті әйелдер, 60 жастан асқан егде адамдар, созылмалы қосалқы аурулары бар науқастар, КВИ-ға қарсы егілмегендер жатады. Коронавирустық инфекциямен сырқаттанудың қазіргі сипаты науқастарда аурудың жеңіл түрімен өтуімен бірге, дер кезінде емделмесе аурудың асқынуы да байқалуда.