Мемлекет басшысы ҰҚК төрағасын қабылдады

Мемлекет басшысы ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады.

Ермек Сағымбаев Президентке ұлттық қауіпсіздік органдарында жүргізіліп жатқан жүйелі трансформациялар мен жұмыстың негізгі нәтижелерін баяндады. Елдің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі жетілдіріліп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес ҰҚК құрылымы оңтайландырылып, бөлімшелердің қызметтері мен міндеттері нақтыланды. Жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін қамтамасыз ету, сондай-ақ дағдарысқа қарсы басқару жүйесіне жаңа тәсілдер енгізілді. ҰҚК төрағасының айтуынша, Қазақстанның Терроризмге қарсы орталығының жұмысы қайта құрылып, лаңкестік қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл саласындағы үйлестіруші рөлі күшейтілді. Алдын алу шаралары барысында 37 миллиардтан астам қаржы бюджетке қайтарылды. Мемлекет басшысы ҰҚК органдары қызметінің бағыттары бойынша өзекті сын-қатерлер мен қауіптерді ескере отырып, бірқатар нақты тапсырма берді.

Мемлекеттік шекараны қорғауды ұйымдастыру күшейтілген. Шекара арнаулы күштері құрылды. Биыл қару-жарақ пен оқдәріні тасымалдаудың 203 заңсыз әрекетінің жолы кесілді. 9 мыңнан астам шекара тәртібін бұзғандар ұсталды. Сомасы 3,5 миллиард теңгеден астам валютаның, құны 10 миллиард теңге болатын тауарлардың заңсыз тасымалдың жолы кесілді.