«Қаражанбаста» ауыз су мәселесі шешіліп келеді

Маңғыстау облысындағы «Қаражанбас» кен орнында су тұщытатын қондырғылар іске қосылып, таза ауыз су мәселесі біртіндеп шешімін табуда. Жыл соңына дейін жеке инвестициялар тартылып, тіршілік нәрінің көлемі әлі де ұлғайтылмақ. Бұндай жоспарды бүгін Президент қабылдауында болған Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ өңір басшысы ауылшаруашылығы саласындағы оң өзгерістер туралы баяндады. Былтырғы қуаңшылықтан кейін Үкімет пен жергілікті атқарушы орган бірлесіп тиісті шараларды қолған алған еді. Оның үстіне биыл жауын-шашын молынан түсіп, шаруалардың жем-шөп дайындау жұмыстарына оңтайлы жағдай туғызып отырғанын айтты облыс әкімі. Тағы Нұрлан Ноғаев облыста отандық және шетелдік туристер санының артқанын жеткізді.

Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:

– Облыстың тағы бір дамуының басымды бағыттарының бірі – бұл туризм саласын дамыту. Бұған Каспий теңізі жағасындағы теңізге келіп шомыламын деушілермен өзінің денсаулығын түзеп, әл-ауқатын көтеремін деген азаматтармен бірге бұл қасиетті жерлердегі тарихи орындарға келіп жатқан біздің Қазақстанның басқа өңірлердің азаматтарының және алыс-жақын шетелдерден келген азаматтардың легі артқаны жөнінде баяндама бердім.