476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Мемлекет басшысы Ұлытау облысының әкімін қабылдады

  • 277
  • UPD: 16:36, 17.08.2022

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Президент қабылдауында болып, өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын ұсынды.

Онда аймақтың экономикасын дамыту үшін 240-тан астам іс-шара жүзеге асырылмақ.

Атап айтқанда, пайдалы қазбалар өндірісін кеңейту мен жаңа кен орындарын игеру маңызды болып тұр. Сондай-ақ жаңадан ет өңдейтін кешен, құс фабрикасы мен жылыжайлар салу жоспарланған. Бұдан бөлек Жезқазған қаласында заманауи "Ана мен бала" орталығын ашу жұмыстары жүргізіліп, Ұлытау ауданында аурухана салынбақ. Сонымен қатар аудан орталықтары мен ауылдарда 26 медицина мекемесі ашылады. Өңір басшысы "Жайлы мектеп" ұлттық пилоттық жобасы аясында 11 орта мектеп пен 8 балабақша салу көзделгенін айтты. Сонымен қатар жолдарды жөндеу мен қалпына келтіру жоспарланғанын алға тартты. Жобаны жүзеге асыру барысында 10 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.

Президент Қ. Тоқаев Ұлытау облысын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдап, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп орындауды тапсырды.

Хабар 24 телеарнасы