Мемлекет басшысы В.Путинмен кездесті – Сочи

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кездесуде қос ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің өзекті мәселелері жан-жақты талқыланып, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту мәселесі көтерілді. Былтыр Қазақстан-Ресей арасындағы сауда көлемі 24,5 миллиард долларды құраған. Бұл көрсеткішпен Ресей біздің тауар айналымымызда бірінші орында тұр. Инвестициялар екі жақтан да артып келеді. Өз кезегінде Владимир Путин бұл кездесудің екі ел арасындағы сенімді стратегиялық серіктестікті дамытуға қосымша серпін беретінін айтып, мемлекет басшысына Сочиге келгені үшін алғысын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Биыл Қазақстан ТМД-ға төрағалық етеді. Қазан айында ұйымның саммиті өтеді. Оған өзіңіз қатысасыз деген сенімдеміз. Оның үстіне Ресей Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында маңызды рөл атқарады. Бұл – шынымен де халықаралық форматтағы ынтымақтастықтың басым бағыты. Геосаяси жағдайдың ерекшелігі үкіметтерімізге қосымша нұсқаулар беру үшін келісіп алу қажет екенін көрсетіп отыр. Олар бір-бірімен табысты қызмет етіп келеді. Дегенмен өмірдің өзі жаңа міндеттер қояды және олар шешуді қажет етеді. Жалпы біздің ынтымақтастығымыздың дамып келе жатқанына қанағаттануға толық негіз бар.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Биылғы жыл ерекше. Біз қазан айында дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өтеміз. Осы датаға орай түрлі іс-шаралар жоспарланып отыр. Біздің министрліктер мен ведомстволар белсенді жұмыс істеп жатыр. Үкіметаралық комиссия қарқынды жұмыс істеп келеді. Сыртқы істер, қорғаныс министрліктері бірлесіп түрлі іс-шараларды, бірлескен оқу-жаттығуларды дайындап жатыр. Тауар айналымы өсіп келеді. Былтыр 34,4 процентке өссе, биыл бес айда 8,8 процентке өсті. Жалпы жұмыс барлық бағыттар бойынша айтарлықтай қарқынды әрі оң бағытта жүріп жатыр.